BANNER

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот қашан басталады?

Фото: yandex.kz

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Талғарда кісі қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қай сатыда екенін айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Әсет Шындалиевтің сөзінше, тергеу аяқталғаннан кейін, жиналған материалдардың бәрі Алматы облысының прокуратурасына тапсырылған. Айыптау актісі дайындалуда.

«Бұған дейін айтылғандай, қылмыстық тергеу толығымен аяқталды. Іс прокуратура органдарына тексеру, айыптау актісін жасау үшін берілді. Қазір Алматы облысының прокуратурасы жүргізілген тергеу әрекеттерінің заңдылығын толық зерттеп жатыр. Осыдан кейін сотқа жіберу туралы шешім қабылданады», - деді ол. 

Іс сотқа қашан жіберілетіні әлі белгісіз. Негізі сот басталатын уақыт 10 күн ішінде қабылданады. Егер іс күрделі және көп эпизодты болса прокурордың бір ай ішінде шешім қабылдауға мүмкіндігі бар. Күдіктілер саны өзгермеген.