Техникалық тіл қазақша сөйлейді: Саран зауыттарында не талқыланды?

Фото: ЖИ Gemini

«Сөзжасам» жобасының қатысушылары Саран қаласындағы ірі кәсіпорындарды аралап, өндіріс мамандарымен бірге салалық аударма мәселелерін талқылады. Сарапшылар тобының құрамындағы лингвистер, журналистер мен блогерлер бірнеше ірі нысанда болып қайтты.

Басты мәселе не?

Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде кейбір жабдық атаулары мен инженерлік ұғымдар қате аударылады немесе қазақ тілінде баламасы мүлде жоқ. Қазіргі уақытта сарапшылар мына салалар бойынша 200-ден астам терминді біріздендіру үстінде:

Тау-кен өнеркәсібі;

Дәнекерлеу өндірісі;

Автоматтандыру жүйелері.

Алдымызда қандай жоспар тұр?

Талқылау аяқталғаннан кейін жаңа терминдер Үкімет жанындағы Республикалық терминологиялық комиссияның қарауына жолданады.

Өткен жылы Termincom-ға 100-ден астам термин ұсынылса, биыл тағы кемінде 150 жаңа ұғымды әзірлеу жоспарланып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілінің ғылыми-технологиялық әлеуетін арттырып, оның өнеркәсіп пен IT ортада қолданылу аясын кеңейту.