Болат Назарбаевтың атында 59 жер учаскесі мен жылжымайтын нысан бар

ашық дереккөз

Бұл туралы Аманат партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңесінің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі.

Төрағаның мәліметінше, Тұңғыш Президент інісінің атында 244 гектар аумақты алып жатқан 59 жер учаскесі мен жылжымайтын нысан бар екен. Олар Қаскелең, Талғар, Нұр-Сұлтанда және Түркістан облысында. Олар коттедж қалашығы, әкімшілік ғимарат және базар салу үшін сатып алынған.

 «2 млн қазақстандық ұлтарақтай 10 сотық жерге жете алмай жүргенде жалғыз Болат Назарбаевтың атына 244 гектар жер қалай рәсімделген? Бұл не деген әлеуметтік теңсіздік? Конституцияда жазылған теңдік мәселесі қайда қалды? Бұндай әлеуметтік бөлініс халықтың ашуын тудырады», – деп жазды Ерлан Саиров фейсбук парақшасында.

Төраға Ерлан Саиров Аманат партиясының саяси кеңесі «Жер-Аманаттың» комиссия мүшелерімен бірігіп мәселенің мән-жайын анықтаймыз деп уәде берді.