Жаға ұстатар жағдай туралы Немолчи қорының жетекшісі Дина Смайылова фейсбуктағы парақшасында жазды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Күдікті бостандықта. Кінәлінің жазасын бере алмай жүрген ата-ана құзырлы органнан қайыр болмаған соң Немолчи қорынан көмек сұрады.
2021 жылы 27-29 шілде аралығында 1982 жылғы С.А. есімді азамат Қарағандыдағы досының үйінде қонақ болған. Сол уақытта үш күн қатарынан 2008 жылғы кәмілеттік жасқа толмаған қызына сексуалдық бағыттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Алайда бала аталмыш жағдай жайлы ата-анасына тіс жармаған. Қыздың бойындағы психологиялық өзгерісті ұстаздары байқапты. Психологпен сұқбаттасу барысында оның зорланғаны анықталды. Қарағанды қаласының полиция басқармасына арызданған ата-ана бір жылдан бері әділдік орната алмай жүр. 8 ай бойы Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қаласындағы сараптама орталықтарына барған. Қыздың бойынан ер адамның шәуеті табылып, медициналық сараптама жасалған. Тіпті, қыз бен күдіктіні көзбе-көз отырғызып, жауап алған. Өкінішке қарай, дәлелдерге қарамастан қылмыскер алшаң басып жүр. Тіпті тергеу амалдары кезінде әйелімен 2 аптаға Түркияға қыдырып қайтқан. Енді 4 баласымен аталмыш мемлекетке қоныс аударуды жоспарлап отыр. Егер ІІМ істі өз қолына алмаса, кінәлі жазадан бұлтарып кетуі мүмкін.