Тұңғыш Президенттің жиені Нұрали Әлиевтің иелігінде не бар?

ашық дереккөз

Нұрали Әлиев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы, Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені. Журналистік зерттеу кезінде оның еліміздегі ірі компанияларға және шетелдегі біраз жылжымайтын мүлікке иелік ететіні анықталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Орда.кз-ке сілтеме жасап.

Нұрали Әлиев Қазақстандағы ірі байланыс операторларының бірі – «Транстелекомның» акционері. Компания Ресейдегі операторлар мен ірі корпорациялар үшін магистральдық байланыс қызметтерін жүзеге асырады.  Сондай-ақ, интернет, теледидар мен ұялы байланыспен қамтамасыз ету жағынан көшбасшы. «Транстелекомның» қалған 25%-ы «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі.

«Транстелеком» ауылшаруашылығында сұранысқа ие Qoldau.кз сайтының «Subsidies» платформасына иелік етеді. Бұл жүйе шаруаларға субсидияға өтініш беруге арналған. Алайда, кәсіпкерлер тарапынан Ауылшаруалышық министрлігіне біраз арыз-шағым түсті. Себебі, өтінім беру үшін абоненттік төлем жасауы тиіс. Осылайша, Нұрали Әлиев ауылшаруашылық саласына да құрығын салған.

Panama Papers мәліметтеріне сәйкес, Британдық Виргин аралдарында, Швейцарияда, Ұлыбританияда бірінші президенттің немересіне тиесілі  компаниялар тіркелген және Нұрали Әлиевтің атында Лондон мен Челсиде жылжымайтын мүлкі бар. Сондай-ақ, офшордың жұмағы саналатын Кипрде банк шоты анықталған.

1

Нұралидің иелігіндегі Baltimore Alliance Inc. компаниясы 2008 жылы 23 метрлік Astondoa A-766 яхтасын сатып алды. Оның бағасы еш жерде көрсетілмеген. Алайда, мұндай модель шамамен 1,8 млн доллар тұрады. Панамалық құжаттарда Әлиев яхтаға «Номад» деген атау бергені жазылған.

Сондай-ақ, Панама құжаттарында Әлиевтің компаниясы Лондондағы 147 млн фунт стерлингке бағаланатын жылжымайтын мүлікке иелік еткені жазылған. Оған Бейкер-стриттегі Шерлок Холмстың үйі мен өзге де ғимараттар кіреді.