Жүрсін Ерман: «Президентті 7 жылға сайлау монополизацияның алдын алады»

ашық дереккөз

Айтыс ұйымдастырушысы, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман кезектен тыс Президент сайлауына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысын 7 жылға сайлау монополизациялауға мүмкіндік бермейді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Алматы арнасына сілтеме жасап.

Ұлттық өнер жанашыры ел өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – Президент сайлауының артықшылықтарын тізіп берді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс білдірді. Бұл мәселе төңірегінде талқылау жүріп жатыр. Біріншіден, бұл ұсыныс қабылданса, алдағы уақытта ҚР Президенті бір реттік 7 жылдық мерзімге сайланады. Қайталап сайлауға түсе алмайды. Бұл – Конституциялық норма болмақ. Мұның не артықшылығы бар? Біріншіден, 7 жыл – тарих үшін үлкен уақыт. 7 жылға сайлау посткеңестік елдердің тәжірибесінде болмағанымен, әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Израиль, Армения, Францияда осы жүйемен сайлайды. Бұл жүйе жоғары билікті монополизациялауға мүмкіндік бермейді. Қайта сайланбайтынын білген Президент 7 жыл ішінде алаңсыз елдің ішкі-сыртқы мәселелерін шешумен айналысады. Келесі жылы сайлаудан өтем бе, өтпеймін бе деп бас қатырмайды», – дейді ақын.

Жүрсін Ерманның айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басында отыруына лайық екенін халық та біліп отыр.

«Әлеуметтік желіден естіп-біліп отырмыз, оппозициялық күштер Тоқаевқа қарсы кандидат ұсынбақшы. Бірақ қазіргі кезде Тоқаевпен тең түсе алатын адамның жоқтығын халық та көріп отыр. Тоқаев Премьер-Министр де болды, Сенатты да басқарды, БҰҰ-да да бас хатшының орынбасары болып қызмет етті. Ол – халықаралық деңгейде беделге ие болған аса тәжірибелі дипломат, қанша жыл билікте жүрсе де, соңынан сөз ермеген адам. Қазіргі кезде алпауыт мемлекеттер бір-бірімен тіресіп жатыр, соғыс та болып жатыр. Президентіміз осы кезде Қазақстанның абыройын биікке көтеріп, басқалардың доқ көрсетуіне мүмкіндік бермей, өзінің берік позициясын ұстанып, бір елдің тізгінін ұстап отыр. Сондықтан да онымен терезесі тең келетін басқа ірі тұлға қазір көрініп тұрған жоқ», –  деді өнер жанашыры.