Ақтоғайдағы айналма жолдың жағдайы адам шошырлық

авторлық

Ақтоғай ауданының орталығында салынғанына 2 жыл болған айналма жол апатты жағдайда тұр. Life09.kz оқырманы осылай деп дабыл қағып отыр!

«Осыдан бір жарым-екі жыл бұрын Ақтоғайда ауылдың сыртын айналып өтетін жол салынды. Бастапқыда жаңа жолдың салынғанына қуанып қалдық. Бірақ, көп өтпей қуанышымыз су сепкендей басылды.

Өйткені салынғанына көп уақыт өтпеген жол қазір әрбір жерінен тесіліп, бұзыла бастады. Асфальт құрамы сапасыз екені жай қарағанда да көрініп тұр.

Бұдан да жаманы – жолдың дұрыс жоспарланбағаны. Жол саябақтың сыртын ала, Тоқырауын өзенінің жарқабағына жақын салынған. Қазір өзен жарқабағы су шайған сайын құлап-құлап, жолдың шетіне жетті.

Алдағы қыс пен көктемде түгелдей судың астында қалады. Оның үстіне тас жолдың су шайған жағы тереңдеп , биік орға айналған.  Жол білмейтін жүргізушілер үшін өте қауіпті. Апаттың алдын-алу үшін ешбір белгі де қойылмаған. Бала-шаға үшін де үлкен қауіп.

Жоғарыда аталған жағдайлар жол салар кезде неге ескерілмеген?, Сапасыз салынған тас жолды әкімшілік қалай қабылдап алған? Жауапты мердігер компания қайда қарап отыр? Осыдан кейін қандай шаралар қолданылады?

Жоспарсыз салынған жол бұзылып, істен шықса оған жұмсалған қаражат желге ұшпай ма? Бұған кім жауапты?» деп жазылған оқырманнан келген хабарламада.

Сонымен қатар, ол жолдың жағдайы түсірілген видеоматериалды қоса жолдап отыр.

 

Аталған мәселе бойынша Life09.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Ақтоғай аудандық әкімдігіне хабарласқан болатын. Жауапты мекеме аталған жолға қатысты мәселенің бар екенін жоққа шығармады.  

«2020 жылы бюджет есебінен "Орталық саябақ" аумағында орналасқан жолға  жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күні аталған жолдың жиегі Тоқырауын өзені арнасының жол жиегіне таяу орналасуы және көктемгі су тасқыны мерзімінде су шаю салдарынан бұзылып, жол негізіне көп мөлшерде су сіңген. Қарағанды облысының табиғатты қорғау және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан 2016 жылы өзен арнасын түзету жұмыстары бастау алған, алайда мердігер ұйымның мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылуына байланысты аталған жұмыс тоқтаған», делінген Ақтоғай әкімдігінің хабарламасында.

Әкімшілік тарапы аталған мәселе назарға алынып, тиісті жұмыстардың жүргізілетінін де айтты.

«Ағымдағы жылы аталған жұмыс бойынша жауапты облыстық басқарма тарапынан жобаға өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік сараптамаға жолданған.  2023 жылға қаражат қаралған  жағдайда өзен арнасы қалыпқа келтіріледі.

Сонымен қатар аталған жол учаскесі аудан тарапынан төтенше жағдайлар іс- шарасының жоспарына енгізіліп, су тасқынының алдын алу жұмыстарының тізіміне енген. Алдағы қыркүйек айында қалыпқа келтіру жұмысы жүргізіліп, табиғи қиыршық таспен жол жиегі бекітілетін болады. Ал арнайы жоба бойынша өзен арнасы түзетіліп, жол жиегі темір бетон материалмен жабылады деп жоспарлануда», делінген хабарламады.

Life09.kz ақпараттық агенттігі бұл мәселені назарға алып, тиісті ақпарат таратып отырады.