Жаңа мешітке Назарбаевтың есімі қашалып жазылды

ашық дереккөз

Елорда бүгін ашылған Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің мәрмәр тақтасына Назарбаевтың есімі қашалып жазылды.

Жаңа мешіт Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған еді. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр. 

Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропикалық Африкада өсетін ироко қатты ағашынан қолмен жасалған. Оның биіктігі 12,4 метр, салмағы бір жарым тонна. Есіктері қазақы өрнектермен безендірілген. Ал сыртқы қабырғаларында көгілдір фонға ақ араб өрме жазуы жазылған.

Мешітте оқу сыныптары, конференция залы, неке қию және Құран оқу залы бар. Бұдан бөлек телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер орналасқан.   

Ал жерасты қабатында банкет залы, автотұрақ, техникалық және діни қызметтер көрсететін орын, құрбандық шалу орны және басқа бөлмелер бар.