Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті автобустар мен арнайы техника шығаратын QazTehna компаниясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы уағдаласты. Стратегиялық әріптестік ғылым, білім және өнеркәсіп байланысын күшейтуге бағытталған. Бұл өңірдің кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал етуі тиіс.
"Келісім аясында "QazTehna" ЖШС зауытының базасында университет филиалын ашу жоспарлануда. Бөлімше ғылыми-практикалық жұмыстарды іске асыру, өндірістің техникалық тапсырмалары бойынша жобаларды орындау және инженер-конструкторлар мен инженер-технологтар сияқты жоғары білікті мамандарды даярлау алаңына айналады", – делінген ЖОО хабарламасында.
Ынтымақтастық даярлықтың барлық деңгейлерін – бакалавриатты, магистратураны және докторантураны қамтиды. Студенттер мен оқытушылар пәнаралық жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Университетте сондай-ақ студенттер мен магистранттардың қатысуымен жолаушылар автобусының прототипін жасау жобасы талқыланды. Үлгіні таңдай отырып, материалдарды іріктеуден, бөлшектерді құюдан бастап толық құрастыруға дейінгі барлық процестермен айналысатын команда анықталады деп болжануда.
Университет қызметкерлері зауытта болып, өндіріспен танысты.