Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдауға миллиард теңге бөлінді

Из открытых источников

Өңірде шипажай-курорттық емделуге, техникалық көмекші құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын сатып алуға қаржыландыру ұлғайтылды, деп хабарлайды Life09 ақпараттық порталының тілшісі.

Бұл өткен жылдармен салыстырғанда мүгедектердің әлеуметтену деңгейін көтеруге мүмкіндік берді. Мысалы, 2015 жылы техникалық оңалту құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету 46 % болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 86,4 %-ға дейін ұлғайды.

Аймақта инватакси қызметтері көбейеді. Бұл қызметті облыс орталығының ғана емес, моноқалалар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары да алады. Сонымен қатар, Қарағандыда инватакси қызметтерін алушылардың тізімі кеңейтілді. Оған аутистік спектрде аурулары бар балалар кірді.

Қарқаралы қаласында орналасқан оңалту орталығында мүгедектігі бар адамдарды арнайы әлеуметтік қызметтермен жан-жақты қамту үшін қуаты 64-тен 84 төсек-орынға дейін ұлғайтылды.

Биыл Балқашта психоневрологиялық аурулары бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу жоспарланған. Қарағандыда сондай-ақ 201 төсек-орынға есептелген балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.