BANNER

Қарағандылық екі компания сапа саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығының бірінші кезеңінің финалистері атанды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қазақстанда өнім сапасы мен қызмет көрсету саласындағы жетістіктері үшін ТМД сыйлығын алуға арналған мерейтойлық, оныншы байқаудың бірінші кезеңінің финалистері анықталды. Олардың қатарында екі қарағандылық компания бар.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан хабарлағандай, байқаудың бірінші кезеңі сәтті өтті: «Бёмер Арматура» ЖШС – шарлы крандар шығаратын зауыт; Өнеркәсіптің мұнай-газ, тау-кен өндіру, металлургия және энергетика секторларында диагностикалаумен айналысатын «Дефектоскопия ҒТБ» ЖШС.

ТМД сыйлығы – сапа саласындағы беделді наградалардың бірі. Конкурс екі жылда бір рет өткізіледі. Оның мақсаты – жоғары сапалы өнімдер мен қызметтердің экспортын ынталандыру, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ұйымдарында инновациялық технологиялар мен тиімді менеджмент әдістерін енгізу.

2025 жылы байқау ТМД Экономикалық кеңесінің қамқорлығымен өтеді.

Байқаудың қазылар алқасы мемлекетаралық құрылымдардың, ұлттық тұтынушылар қоғамдарының, сауда-өнеркәсіп палаталарының және басқа да кәсіби қауымдастықтардың өкілдерінен тұрады.

– «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы байқау хатшылығы қызметін атқара отырып, қазақстандық кәсіпорындарға ТМД деңгейінде өздерін танытуға көмектесіп, жан-жақты қолдау көрсетеді. Қарағанды облысының компанияларының ТМД сыйлығына қатысуы жергілікті бизнестің жоғары бәсекеге қабілеттілігін және оның жаңа көкжиекті бағындыруға дайын екенін көрсетеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.