BANNER

Еуропа чемпионатының тарихындағы ең қызықсыз қос ойын

Сурет: QazsportTv телеграм арнасынан

EURO-2024 турнирінің топтық кезең ойындары аяқталуға жақын. «D» тобында Нидерланд пен Аустрия, Франция мен Польша құрамалары өзара кім мықтыны анықтады. «С» тобында Англия мен Словения, Дания мен Сербия құрамалары шеберлік байқасты.

Рональд Куман шәкірттері Аустрия құрамасына 2:3 есебімен есе жіберіп, плей-офф сатысына өту мүмкіндігін қиындатып алды. Ал, Ральф Рангник шәкірттері өз тобында сенсация жасап, топтан алғашқы орынмен шықты. Тіпті әлем чемпиондары, соңғы әлем чемпионатының вице-чемпиондарының алдын орап кеткен жайы бар. Өз кезегінде француздар Роберт Левандовски бастаған жігіттермен тең тарқасты. Бұл ойында 1:1 нәтижесі тіркелді. Айта кететін жайт қос голда 11 метрлік айып добынан кейін соғылды. Кәрі құрлық турнирі тарихындағы ең қызықсыз ойындар деп айтып отырған кездесулерге тоқталсақ, «С» тобында Англия мен Словения, Дания мен Сербия құрамалары шеберлік байқасқан еді. Мақтаулы Гарет Саутгейт шәкірттері Словениямен кездесіп, ойында есеп ашылмады. 0:0 нәтижесі тіркелді. Бұл топтағы тағы бір матчта Дания мен Сербия да 0:0 есебімен тең тарқасты. Көптеген жанкүйер әр дүбірлі додада Англия құрамасынан жоғары нәтиже күтетіні айдан анық. Алайда, көп жағдайда «Үш арыстан» атанып кеткен құрама арыстанша айбат көрсете алмай қалып жатады. Бұл топтан алғашқы орынмен шыққанына қарамастан жұлдызды құрамнан жасақталған жігіттердің қарқыны баяу көрінеді. Ендігі кезекте топтық ойындар аяқталып, жарыс қыза түседі. Соңғы төрт ойыннан кейін барлық плей-офф қатысушылары анықталады. Словакия – Румыния, Украина – Бельгия, Грузия – Португалия, Чехия – Түркия құрамалары кездесіп, чемпион атану арманына жақындай түспек. Бұл кездесулерді «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.