Шағын футбол: Қазақстан камбэк жасап әлем чемпионатының финалына шықты

pixabay.com

Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Біріккен Араб әмірлігінің Рас-эль-Хайм қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалға шықты, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі

Әлем чемпионатына әуесқой спортшылар қатыса алады.

Жартылай финалда қазақстандық спортшылар Әзірбайжанмен шеберлік сынасты.

Әлем чемпионатының финалына шығу үшін өткен кездесу 3:2 есебімен қазақстандықтардың жеңісімен аяқталды. 19-минутта Ешгин Тагиев Әзірбайжанды алға шығарды. Одан кейін қазақстандықтар қатарынан үш гол соғып кетті. Бұл голдар Нұрсұлтан Жүсіпов (30-минут), Жәнібек Сейітжан (41), Оралбек Егізбаев (45) еншісіне жазылды. 50-минутта Тагиев дубль жасап, есеп айырмасын қысқартты.

Ел құрамасы А тобында сынға түсті. Бұл кезеңде Гананы 7:0, Үндістанды 16:0, Біріккен Араб әмірлігін 2:1 есебімен жеңді.

Одан кейін жарыс сатысында Мексика, Чехияны қапы қалдырды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш мәрте финалға жолдама алды. Алдағы қарсыласы - Румыния.

Айта кетсек, бұған дейін ел құрамасы 2015, 2017 жылдарда 11-орын алған еді.