Жәнібек Әлімханұлы Мунгиямен жекпе-жек өткізуі мүмкін

Ашық дереккөз

Кәсіпқой бокстан WBO нұсқасы бо­йынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы 12 қарашада өз атағын қорғап қалу үшін Дензел Бентлимен күш сынасатыны белгілі.

Аталған ұйымның басшылығы АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін жекпе-жекте жеңіске жеткен жағдайда қандасымызды Хайме Мунгиямен жұдырықтасуды мін­деттеді. Бұл қарсыластардың екеуі де өте мықты. Кәсіпқой боксты серік еткен бес жыл аралығында 27 жастағы Бентли 19 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жетті. 14 қарсы­ласын нокаутқа жіберді. Бір рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді. Оның Ұлыбритания чемпионы деген атағы бар.

26 жастағы Мунгия 2013 жылдан бері кәсіпқой рингте өнер көрсетеді. Сол кезден бері 40 жекпе-жек өткізіп, бірде-бір рет жеңілістің кермек дәмін татқан емес. 32 қарсыласын ұрып жықты. Мексиканың марқасқасы 2018-2019 жылдары бірінші орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Кезінде ол Садам Әли, Лиам Смит, Брэндон Кук, Гари О’Салливан, Туреано Джонсон, Камил Шеремет, Габриэль Росадо, Ди­митриус Баллард, Джими Келли сынды саң­лақтарды сан соқтырған. 2018 жылы Хайме біз­дің Геннадий Головкинмен жұдырықтасуға тиіс еді. Алайда Невада штатының атлетикалық комис­сиясы «Мунгияның тәжірибесі әлі толыс­қан жоқ» деп бұл бәсекені өткізбей тастады.