Ақтөбеде 6 жасар қызға үйдің кіреберісінде сексуалдық әрекет жасап, тиіскен 61 жастағы ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 6 жасар қыз балаға жасалған сексуалдық әрекетке қатысты үкім шықты. Ер адамның бүлдіршінге көрсеткен азғындық әрекеттері кіреберістегі бейне бақылау камерасына түсіп қалған.
Оған қылмыстық кодекстің 121-бабы, яғни сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша айып тағылды. Сотталушы Жұмабай Қартпанбетов Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тумасы, жұмыссыз. Ол алғашында қорғалуға құқығы бар күдікті болғанымен, тергеу кезінде жасаған әрекеттерін мойындаған. Сот оны кінәлі деп танып, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемелерінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен қатар, сот Қартпанбетовке абақтыда мәжбүрлі түрде психикалық мінез-құлық бұзылуы бойынша ем тағайындады.