Құны 170 миллион теңге тұратын пәтерінен айырылып қалған Жұлдыз Әбдікәрімова ел алдында жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Өнер иесі әлі күнге дейін пәтер жалдап жүргенін жасырмады.
“Сот процесі әбден есеңгіретіп жіберді. 2024 жылы басымнан талай сынақ өтті. Білдіртпеуге, жылап-сықтамауға тырыстым. ҚР азаматшасы ретінде заңға, әділдікке көзсіз сендім. Сол сеніммен барлық инстанциядан рет-ретімен өтіп келемін. Бұл жағдай отбасыма ауыр тиді. Балаларымның берекесі қашты. Соңғы төрт жылда пәтерден пәтерге көшу қажытып жіберді. Алданатынымды кім білген?! 2022 жылдың жазында үйлі боламын деп жүріп, алаяқтарға тап болдым. Былтыр көп жайттар анықтала бастады. Шикілікті сезген сәттен бастап құзырлы органдардың көмегіне жүгіндім. Үйімді қайтаруды мақсат етіп, сотқа бардым. Осы тұстан бастап түрлі қиындықтар шырмауықтай шырмады", – деді актриса.
Одан кейін күйзеліске түсіп, денсаулығы да сыр беріп, ауруханадан шыққанын айтты.
“Осындай кездесулердің бірінен кейін денсаулығым сыр беріп, түн ортасында ауруханадан бір-ақ шықтым. Дәрігерлер жатып ем алуым керектігін айтты. Үйдегі балаларымды қараусыз тастай алмаймын деп, бір апта күндізгі стационарда емделдім. Жағдайым түзелмеді. Жүріп-тұруымның өзі қиындай түсті. Болмаған соң, Алматыдан әпкемді шақыртып, ауруханаға жаттым. Түсірілімдер мен жобаларым толық тоқтады. Жұмыс жүрмеген соң, қаражат жағы, күн көріс қамы қиындай түсті", – деп жазды киножұлдыз.