BANNER

Қарқаралы қонақтар қарсы алуға дайын: инвесторлар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер

Қарағанды облысының әкімдігі

2025 жылдың басынан бері Қарқаралы ауданына 20 мыңнан астам турист келген. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе көп. Келушілер санының өсуіне табиғаттың көркем көріністері ғана емес, инфрақұрылымның жақсаруы және туризм саласындағы бизнесті жүйелі қолдау да әсер етті.

Бүгінде ауданда 40-қа жуық демалыс орны жұмыс істейді. Олар бір мезетте үш мыңға дейін қонақты қабылдай алады. Бұл салада 300-ден астам адам тұрақты еңбек етеді және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Қарқаралы ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлыбек Ілдебаевтың айтуынша, бұл серпінге жол инфрақұрылымының жаңғыруы үлкен ықпал еткен.

— Қарағанды – Қарқаралы автожолының жөнделуі туристер ағынына оң әсер етті. Бұл ретте туристік қызмет көрсету саласы да қатар дамып келеді. Жаңа қонақүйлер мен демалыс базалары бой көтеруде, дәмханалар мен асханалар ашылып жатыр. Мұның бәрі аймақтың туристік тартымдылығын арттырып отыр, — дейді Нұрлыбек Ілдебаев.

Қазір ерекше назар аударылып отырған жобалардың бірі — Қарқаралы қаласының батыс бөлігінде, ұлттық табиғи паркке жақын маңда орналасқан «Бұғылы» рекреациялық аймағы. Жалпы ауданы — 75 гектар. Мұнда су құбыры, кәріз жүйесі мен электр желілері тартылып жатыр. Инфрақұрылым толық жүргізілген соң, жер телімдері аукцион арқылы инвесторларға ұсынылады. Бекітілген тұжырымдамалық жоспарға сәйкес, бұл аумақта тыныш демалыс аймақтары, этноауыл, ойын-сауық саябағы, аспалы жолы бар тау-шаңғы кешені мен қонақүйлер бой көтеруі тиіс.

Мемлекет туризм саласындағы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, «Даму» қоры арқылы 7% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие алуға болады. Осы тетікті сәтті пайдаланған кәсіпкерлердің бірі — «Орман» қонақүй кешенінің иесі Жанат Жетенова.

— Біз тарихи маңызы бар, шамамен 200 жылдық үйді сатып алып, оны ретро үлгіде қалпына келтірдік. Сондай-ақ бірнеше шағын үй мен ұлттық нақыштағы, бірақ заманауи жайлылығы бар киіз үйлер орнаттық. Қонақтарға тамақтану қызметін ұсынбаймыз, бірақ ортақ асүй мен арнайы мангал аймағы қарастырылған. Бізге Қазақстанмен қатар Германия, Польша, Беларусь, Украина және Ресейден де туристер келеді, — дейді кәсіпкер.

«Орман» кешенінде ай сайын 1500-ге дейін қонақ демалады. Жайлы жағдай мен қонақжай атмосфера бұл жердің тұрақты келушілері қалыптасуына себеп болып отыр.

Ауданда туризмді жүйелі дамыту мақсатында арнайы «Жол картасы» қабылданған. Ол туристік нысандардың инфрақұрылымын дамыту, табиғи және мәдени ескерткіштерді жүйелеу, қызмет көрсету сапасын арттыру және кадр даярлау, Қарқаралының туристік брендингін қалыптастыру, инвестициялық жобаларды әзірлеу және іске асыру секілді бес бағыттан тұрады.

Бұл бағыттар бойынша нақты жұмыстар басталып, алғашқы нәтижелер де байқалып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бірнеше мәрте атап өткендей, туризм — экономиканың қозғаушы күштерінің бірі және инвестиция үшін ең тартымды салалардың қатарында. Қарқаралы ауданында бұл саланың аймақтың басты брендіне айналып қана қоймай, жергілікті халық үшін тұрақты табыс көзіне айналуына басымдық берілуде.