Білім жетістігімен қатар озық елдің тағы бір маңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы орны. Сондықтан әйелдер құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бұл жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Тоқаев әйелдердің құқығы жөнінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту және еңбек саласындағы кемсітушілікті жою бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын айтты.
"Ана мен бала тәрбиесі үшін жағдай жақсарды. Мемлекет әйелдердің саясатқа, мемлекеттік басқаруға және бизнеске қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Жаһандық рейтингке сәйкес гендерлік теңдік бойынша Қазақстан Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктерімен қоса Азияның алдыңғы қатарлы елдерінің қатарында тұрақты тұрады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел тарихында әйелдер әрқашан маңызды рөл атқарып, қоғамдағы орны ерекше болғанын атап өтті.
"Ұлы даланың қыздары халқымыздың мәдени дәстүрлері мен рухани-адамгершілік құндылықтарының сенімді сақтаушылары болып келді. Сол себепті даму мен жасампаздық жолымен ілгері жылжи отырып, біз әйелдердің құқығын шектейтін менталитетімізге жат ағымдарға бой алдырмауымыз керек", - деді президент.