Қазақ операсының аңызға айналған тұлғасының үніне құлақ түріп, сирек архивтік материалдарды тамашалап, ұлттық опера өнерінің тарихына терең бойлау мүмкіндігі «Сахна аңызы – Ермек Серкебаев» атты көрмеге келген қонақтарға бұйырды. КСРО халық әртісі Ермек Серкебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған көрме Қарағандыдағы Н. В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылды.

Көрме қонақтары өнер шеберінің өмірбаянымен танысып қана қоймай, оның шығармашылық жолының тарихына да қанықты. Экспозицияда кітаптар, фотосуреттер, архивтік құжаттар, сирек кездесетін материалдар, сондай-ақ әйгілі баритонның орындауындағы шығармалар жазылған винил күйтабақтар мен дискілер көпшілік назарына ұсынылды.

Өнер әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Балжан Оспанқұлованың айтуынша, бұл көрме Қазақстанның көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мерейтойларына арналған кездесулер мен көрмелер топтамасының бір бөлігі болды.
— Біздің кітапхана қорында 92 мыңнан астам кітап сақталған. Жылдық жоспарды әзірлеу барысында еліміздің мәдениет және өнер саласының танымал тұлғаларының мерейтойлық даталарына ерекше көңіл бөлуді жөн көрдік. Ермек Серкебаевтың 100 жылдығына орай осы көрме мен интерактивті кездесуді ұйымдастырдық. Келушілер оның шығармашылығымен танысып, сирек материалдарды тамашалады әрі әйгілі әншінің орындауындағы туындылардың аудиожазбаларын тыңдады, — деді Балжан Оспанқұлова.

Ермек Серкебаев тек опера әншісі ретінде ғана емес, актер ретінде де кеңінен танылған. Көрермендер оның қатысуымен түсірілген «Менің сүйікті дәрігерім», «Тақиялы періште» және өзге де фильмдерді жақсы біледі.
Өнер иесінің шығармашылық мұрасы бүгінгі күні де өз жалғасын табуда. Оның өнерлі әулетінің дәстүрін белгілі скрипкашы Жәмилә Серкебаева, музыкант Байғали Серкебаев және дирижер Алмас Серкебаев лайықты түрде жалғастырып келеді.

Көрменің қонақтары қатарында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының оқытушылары да болды. Көпшілік үшін бұл көрме Ермек Серкебаевтың тұлғасы мен шығармашылығына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.