Қарағанды облысында энергетикалық әлеуетті арттыру жалғасуда. Бұл бағыттағы жобалардың бірі – Топар ГРЭС-і үшінші кезегінің құрылысы. Нәтижесінде оның электр қуаты 260 МВт-қа артады.

Жобаны іске асыру туралы меморандумға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен "Топар" бас таратушы энергия станциясы" ЖШС басқарма төрағасы Темірлан Өтегенов қол қойды.

Жоба жалпы электр қуаты 260 МВт болатын екі жаңа турбоагрегат, сондай-ақ екі қазандық агрегат салуды көздейді. Бұдан басқа, станция отын беру, түтін газдарын тазарту, суды салқындату және күлді жою үшін заманауи жабдықтармен жабдықталады.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаға кері әсерді төмендетуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, қазақстандық көмірдің орасан зор қорын тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті. Өз тарапымыздан біз білікті кадрлар даярлау және саланы дамыту мәселелерінде қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы міндеттерді іске асыруды бақылауда ұстаймыз, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Құрылыс аяқталғаннан кейін Топар ГРЭС-інің белгіленген қуаты 773-тен 1033 МВт-қа дейін өседі. Бұл электр энергиясын өндіру көлемін ұлғайтуға және өңірдің өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Станцияның қазіргі өндірісінің үштен бір бөлігін құрайтын қосымша электр энергиясының бір бөлігі ортақ энергия желісіне жіберілетін болады. Қосымша қуаттар облыс экономикасын одан әрі дамыту үшін маңызды ресурс болады. Жаңғырту стансаның қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

Құрылысты 2027 жылы бастап, 2031 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші турбоагрегатты пайдалануға беру 2030 жылдың желтоқсанына, екіншісі 2031 жылдың желтоқсанына жоспарланған.
Жоба сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді. Құрылыс кезінде нысанда 2 мыңға жуық адам тартылады, ал станция пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 200-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін болады. Оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылады.

– Біз электр тогынан зақымдану қаупі жоғары учаскелерде жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелерді қолдануды жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз – техникалық қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету және қызметкерлерді қорғау үшін қауіпті процестерді барынша автоматтандыру, – деп хабарлады Темірлан Өтегенов.

Жобаны қаржыландыру Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен инвестициялық келісім есебінен көзделген.