Қарағанды дәрігерлері кесарь тілігінің жаңа тәсілін меңгерді

Ашық дереккөз

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының № 1 перинаталдық орталығының басшысы Жанар Жарова жаңа әдістерді қолданып, «кесарь тілігі» операциясын өткізді. Оған Омбы мемлекеттік медицина университетінің акушерлік және гинекология кафедрасының меңгерушісі, профессор Сергей Баринов көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Орган сақтау операциясы кезінде Қазақстанда алғаш рет Жуковский әдісі бойынша екі баллонды тампонада мен метропластика жасалды. Бұл әдісті Омбы мемлекеттік медицина университетінің дәрігерлері ойлап тапқан және әйелдің жатырында бірнеше тілік болған жағдайда қолданылады. Бұл әдіс акушерлік қан кетуді азайтуға және жатырды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге болашақта әйелге тағы бір жүктілікке мүмкіндік береді.  

Профессор Сергей Баринов перинаталдық орталықта «Акушерлік саладағы шұғыл жағдайларда хирургиялық көмек көрсету және процесті басқару» шеберлік сабағын өткізді. Дәрігерлерге кеңес беріліп, клиникалық жағдайларды талдау және жаңа әдістерге оқыту өткізілді.

«Біз бұл шеберлік сабағын күттік. Бұрын орталықта мұндай операциялар жасалған жоқ. Жаңа әдісті қолдана отырып, біз босанғаннан кейінгі қан кету мен органды кесу операцияларының санын төмендетіп, аналарымыз үшін қауіптерді азайтамыз деп үміттенемін. Бұл әдісті қолданған соң әйелдер операциядан кейін 1,5–2 жылдан кейін келесі жүктілікпен келеді деп сненеміз», – дейді Жанар Жарова.