«Ерлікке тағзым – ардагерлерге құрмет»

Аңғар Смағұловтың ФБ парақшасы

«Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы (ГКӘТ, ВКШӘТ)» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды  облысы бойынша филиалының құрылғанына бір жыл толуына байланысты мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Салтанатты шараға бірлестік мүшелерінен басқа «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері, қарулы күштер өкілдері, ардагер-жауынгерлер және жергілікті атқарушы мекемелердің өкілдері арнайы қатысты.

«Достық үйінде» өткен әскери жиынды тәуелсіздік лентасының авторы Нұржан Сұршаұлы жүргізді. Жиынның әлқиссасын Қарағанды облыстық ГВВД, ГСВГ ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Егінбай Нәзірұлы жылды қортындылаған  баяндамасымен бастап берді. Баяндамашы қоғамды құрудағы мақсаты, оның келешекте атқаратын жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. КСРО мен АҚШ арасындағы дүниежүзіне жеке-дара билік жүргізу жолындағы бақталастықтың өршуіне байланысты түрлі әскери топтарды құру маңыздылығы күн тәртібіне сұранып тұрған мазасыз шақ туған сәттегі ГВВД, ГСВГ әскери топтарының құрылуы жайлы жақсы мағлұматтар келтірді.

«Қоғамдық бірлестікті құрғандағы негізгі мақсатымыз – өскелең ұрпақ алдында ұлттық рух пен патриотизмді әрі ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ата-бабаларымыздың, оның ішінде интернационалист жауынгерлердің жүріп өткен жолдарын насихаттау сондай-ақ жастардың Қарулы Күштер қатарында борышын өтеуге деген ынтасын арттыру болып табылады»,- дейді бірлестік төрағасы Егінбай Нәзірұлы.

Баяндамадан кейін сөз алған бір топ ардагерлер қоғамдық бірлестік төрағасының жыл ішінде атқарған жұмыстарына лайықты бағасын берді, отан қорғаушылар күніне ізгі тілектерін білдіріп, келешекте істелетін жұмыстарға өз пікірлерін қосты.

Полковник Амангелді Жантасов ауған соғысында аты аңызға айналған қолбасшы, полк командирі болған «қара майор» Борис Төкенұлы Керімбаевтің баға жетпес әскери тәжірибесі жайлы деректер келтірді.

Әскери жиынның келесі бөлімі арнайы шақырылған қонақтарды мерекелік медальмен марапаттаумен жалғасты. «Ардагер»  атанған қаруластарға куәлік пен төсбелгі тапсырылды. Ал бірлестіктің ісіне ат салысқан азаматтар «Алғыс хаттарға» ие болды.

Тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы 10 маусымнан бастап Германия Демократиялық Республикасының аумағында Кеңес Одағының Басқыншылық әскери күштерінің тобы өз қызметін атқара бастайды. Оның бірінші Бас қолбасшысы боп Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков тағайындалады. Бұл топтың алдында басып алған аймақты басқару және оны бейбіт өмірге қайтару міндеті тұрды. Сонымен қатар КСРО-ның батыс шекарасын сыртқы қауіп-қатерден қорғау және кез келген жаудың соққысына төтеп беру басты миссия болды. Жалпы топ құрылған кезде Кеңес әскерінің тобында 1,5 миллион адам болған. Офицерлер, прапорщиктер, әскери міндеттілер, азаматтық қызметкерлер мен әскерге шақырылғандар ГДР маркасында жалақы алған. 1954 жылы оккупациялық функциялар жойылғаннан кейін Германиядағы Кеңес Одағы әскерлерінің тобы осы жылдың 24 наурызынан бастап Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы (ГКӘТ) болып өзгертіледі. Ал 1989 жылы 1 шілдеде Германиядағы Кеңес әскерінің тобы – Әскердің Батыс тобы (ӘБТ) болып өзгертілді. Дәл осы жылы Михаил Горбачев Германиядан әскери құрамаларды шығару туралы шешім қабылдайды. Оның мұндай шешім қабылдауына канцлер Гермут Кольдің КСРО-ға сапары түрткі болған.

Арқадағы ардагер жауынгерлер келешекте бірлестік мүшелері құзырлы мемлекеттік органдармен, кәсіпорындармен бірлесе жұмыс атқаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Мереке қарсаңында бас қосқан қаруластар жақсы көңіл күймен тарқасты. Жиын соңынан қонақтарға арнайы дайындалған ас мәзірі тарту етілді.

 

 

Аңғар СМАҒҰЛ

ҚР Журналистер Одағының мүшесі