Балқаштық азамат емханадан қашып кеткен

SaryarqaNews

58 жастағы Қанат аға жансақтау бөлімінен қашуға мәжбүр болған. Әйелінің айтуынша ол ауруханаға 14 шілде күні түскен, деп хабарлайды saryarqanews.kz тілшісі Экспресс-К-ға сілтеме жасап.

«Ол қатты қалтырап терледі. Бүкіл төсегі дымқыл болды. Одан кейін ауруханаға апарды. Келесі күні дәрігер қан қысымының өте төмен екенін, оны көтере алмай жатқандарын айтты. Біз Қарағандыға жіберуді өтініп едік, бірақ олар бас тартты. Өйткені, аппараттар өшірілсе өлетінін айтты», — дейді. Кейін дәрігерлер сырқаттанған ер адамның туыстарына тағы да жағымсыз жаңалықты жеткізген.

«Емдеуші дәрігер, фамилиясы есімде жоқ, күйеуімде онкология, яғни асқазанында ісік барын және қазірдің өзінде іріңге толып кеткенін ашық айтты. Сондықтан жақсылыққа үміт артпаңыз дегендей сыңай танытты. Емдеуші дәрігер де, меңгеруші де оны соңғы рет көруімізге рұқсат бермеді», — дейді әйелі.

Осылайша жаны қиналған Қанат жансақтау бөлімінен жалаңаш күйде қашып кетеді. Кейін көшеде кездескен такси жүргізушісіне жағдайын айтып, өзі айтқан мекен-жайға жетіп алған екен. Қазіргі таңда науқас медициналық сараптамадан өтіп жатыр. Таяуда Қарағанды қаласына барып қайта қаралмақ.