Ресейлік бұрынғы губернатор-қазақ Аман Төлеев қайтыс болды

Stan.kz

Ресейдің Кемерово облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев қайтыс болды. Бұл жөнінде Ресей облысының қазіргі басшысы Сергей Цивилев мәлімдеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

 

“1997-2018 жылдар аралығында Кемерово облысының губернаторы болған, бар өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше тұлға Аман Гумирұлы Төлеев дүниеден өтті. Бұл өте ауыр қаза”, – деп жазды Цивилев дүйсенбіде.

Оның айтуынша, облыс өміріндегі тұтас бір дәуір Төлеевпен байланысты болған.

“Ол Транссібір темір жолындағы кеншілер рельске отырып,  көлік қозғалысын бөгеген қиын-қыстау кезеңде оны басқарып, дағдарыстан алып шықты. Кузбастықтар Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халық мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халықтың губернаторы ретінде еске алады. Аман Гумировичтің жарқын жүзі мәңгі есімізде”, – деп қосты Цивилев.

Аман Төлеев (Амангелді Молдағазыұлы Төлеев) 1944 жылы Красноводск қаласында (Түркімен КСР) ұлты Адай руының Балықшы руынан шыққан қазақ Молдағазы Төлеевтің отбасында дүниеге келген. Төлеевтің атасы Қолдыбай алашордалық, азамат соғысында қаза тапқан. Кезінде ТМД елдерімен ынтымақтастық министрі болса, 1997 жылдың жазынан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы қызметін атқарған.