Қазақ баспасөзінің қара нары Қасым Орынбетов дүниеден өтті

Сурет: ortalyq.kz

Сарыарқаның қазына қариясы, ардагер қаламгер, асылдың сынығы, тектінің тұяғы Қасым Хикметұлы Орынбетов дүниеден өтті.

Қасым ақсақал 1940 жылы 10 ақпанда Балқаш көлінің маңындағы Саға тауының етегінде дүниеге келген. Бұл – Ақтоғай ауданы. Осы жер Абылай ханның батыры болған даңқты Байжомарттың, атақты Орманбет бидің, Нарманбет ақынның мекені болған. Өзі осы ұлт асылдарының ұрпағы.

Қасым Орынбетов – Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, жазушы, әдебиет зерттеуші, Совет одағының батыры, әйгілі Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті. Студент кезінде дәріс алған. Өзіне рухани ұстаз тұтқан. Мәлік Ғабдуллиннің тәрбиесімен, ықпалымен жазу жолына түскен.

Алаш алыбының тәрбиесін көрген жігіт Қасым 1973 жылдың наурызында «Жезқазған туы» газетіне жауапты хатшы болып тағайындалған. Бойындағы дарыны мен жиған білімі тәжірибемен ұштасқан жас журналист 1978-1982 жылдар аралығында Шет ауданындағы «Ильич туы» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Аудандық атқару кеңесінің депутаты және пленум мүшесі болған. Сол кезеңде жазған очерктерімен, портреттерімен, өзіндік стильмен жазылған репортаждары талғамды оқырманды жалт қаратты. Қазақтың арғы-бергі тарихын жақсы білген, ауыз әдебиетін бойына сіңірген, білімді журналисттің жалт қаратар дүниелерді жазуы – заңды еді. 1992 жылы Ақтоғай ауданындағы музейге басшы болып барды. 1995 жылға дейін қаңырап, жүдеп тұрған мәдениет ошағын аяғынан тік тұрғызған. Бөлімдер ашып, жұмысты жүйелеген. Осы қызметімен өзін қарымды қаламгер ғана емес, білікті басшы ретінде де танытқан.

Life09 ақпарат агенттігінің ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Арқа көсемсөзі абызының алды бейіш, арты кеніш болғай!