Кенесары ханның Құраны ҚМДБ-ға табысталды

ашық дереккөз

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Кенесары ханның Құранын ҚМДБ-ға тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

"Бүгін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына салтанатты түрде табыстау үшін арнайы келіп отырмын", – деді Е. Қарин сөз басында.

Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылып, елге қайтарылғанын сүйіншілегенін еске салды.

"Атақты Марал ишан мен Кенесары ханнан мирас болып жеткен Құранның халқымыз үшін қастерлі дүние екені ақиқат. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – маңызды міндет", – деді Мемлекеттік кеңесші.

Айта кетейік, Құранға Марал ишанның және Кенесары ханның мөрлері қойылған. Жәдігерге реставрация жұмыстары жасалғаннан кейін ҚМДБ оны Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне тапсырады.