«Айбоз» ұлттық сыйлығы – Арқада

Суреттер: Ж.Жаңқашұлының әлеуметтік желідегі парақшасынан

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылған республикалық «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының қорытындысы жарияланды. Жерлесіміз, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы «Поэзия» аталымы бойынша үздік атанды.

Байқауға еш жерде жарияланбаған 300-ден аса шығарма түскен. Әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін байқаудың комиссия мүшелері бірін-бірі білген жоқ. Шығарма авторы да құпия сақталды, - дейді ұйымдастырушылар. «Үздік драматургия» аталымын ақын Исраил Сапарбай «Адам ата, Хауа ана» шығармасы үшін иеленді. Ал, «Үздік проза» Қуандық Түменбайға бұйырды.  «Үздік балалар әдебиеті» номинациясына Серік Асылбекұлының «Концерт» шығармасы лайық деп танылды.

«Көзімнен сүй, көбелек» жыр жинағымен ақын Жанат Жаңқашұлы «Айбоз» сыйлығының «Үздік поэзия» аталымы бойынша үздік атанды.

Айбоз

Сонымен қатар, «Үздік аударма» жүлдесі «Қасқырлар құпиясы» шығармасымен Абай Мауқараға табысталды. Белгілі жазушы Дидар Амантайдың «Абай һәм Ницше іліміндегі Құдай, адам және автор мәселесі: үш супер мағынаның күйреуі» атты әдеби талдауы – «Үздік әдеби сын», белгілі аниматор режиссер Сәлімғали Мырзашев – «Үздік комикс» аталымында жеңіске жетті.

Барлық жеңімпаздарға 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Нұржан Қуантайұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

- Ең көп шығарма түскен номинация ол поэзия мен проза болды. Ал енді ең аз түскен – ол комикс. Бізде балалар комиксі әлі толық дами қойған жоқ. Енді енді қолға алынып жатыр. Бірақ соның өзінде балалар комиксының дамуына осы байқау үлкен серпін беріп отыр.

Жанат Жаңқашұлы, «Үздік поэзия» аталымының жеңімпазы:

- Былтыр осы «Айбоз» сыйлығының шорт листына шыққан болатынмын. Екінші әлем деген поэмаммен. Биыл, міне, осы жүлде «Көзімнен сүй, көбелек» атты топтама өлеңдеріме бұйырған екен. Қуаныштымын. Шығармашылық адамына еңбегінің бағаланғанынан асқан бақыт жоқ.