Азамат Дәулетбеков – күміс жүлдегер

bassport.kz

Еркін күрестен Хорватияның Загреб қаласында өткен халықаралық турнирде отандасымыз Азамат Дәулетбеков күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Отандасымыз алғашқы айналымда әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019), үндістандық Дипак Пунияны 6:2 есебімен жеңді.

Келесі белдесуінде қазақ балуаны украиналық Валентин Бабийді 11:0 есебімен жеңіп, ширек финалда грузиялық Евсем Швелидзені 10:0 есебімен тізе бүктірді.

Жартылай финалда Азамат Израиль өкілін ірі есеппен жеңіп кетті.

Финалда Дәулетбеков Болгария атынан сынға түсетін дағыстандық Магомед Рамазановпен шеберлік байқасты. Өкінішке қарай, тартысты өткен белдесуде 8:5 есебімен қарсыласына есе жіберіп, күміспен күптелді.

Азамат Дәулетбеков еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы. Ол балуандарымыз арасынан Париж Олимпиадасына жолдама алған әзірге жалғыз спортшы.

Сонымен қатар, рейтингтік бəсекеде еліміздің атынан Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) бақ сынайды.

Сондай-ақ, биыл 6-9 маусым күндері Венгрияның Будапешт қаласында кезекті рейтингілік турнир ұйымдастырылады.

11-16 сәуір аралығында балуандар Қырғыз елінің астанасы Бішкекте өтетін жыл сайынғы Азия біріншілігінде де рейтингілік ұпайлар үшін күреседі.