Қазақ спортшылары өткен аптада қандай жеңістерге қол жеткізді?

Сурет: Туризм жəне спорт министрлігі

Туризм жəне спорт министрлігі қазақстандық спортшылардың жеткен жетістіктеріне шолу жасады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Пенчак-силат: Дубай қаласында (БАӘ) ересектер арасында пенчак-силаттан VII Азия чемпионаты мен Таяу Шығыстың I ашық чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары үздік нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, Азия біріншілігінде отандастарымыз 1 алтын, 3 күміс, 7 қола жүлдеге қол жеткізді. Таяу Шығыстың I ашық чемпионатында 27 медаль (8 алтын, 10 күміс, 9 қола) жеңіп алды.

Джиу-джитсу: Комбат джиу-джитсудан Латвияда өткен әлем чемпионатында ел спортшылары командалық есепте топ жарды. Граунд Файт, Клосс контакт, Cелф және Фулл контакт бағдарламасында Қазақстан құрамасының спортшылары 46 алтын, 35 күміс және 45 қола медаль олжалады.

Футбол: Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сан-Мариноға қарсы ойында жеңіске жетті. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен матчта Магомед Адиев шәкірттері қарсыластарынан 3-1 есебімен басым түсті.

Кәсіпқой бокс: Орта салмақтағы отандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов (19-0, 11 КО) Ташкентте (Өзбекстан) өткен кәсіпқой бокс кешінде чилилік боксшы Хулио Аламосты (16-1, 9 КО) төрешілердің шешімімен жеңіп, WBC чемпионының міндетті қарсыласы атанды.

Теннис: Григорий Ломакин Мысырда өткен ITF турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды. Отандасымыз ресейлік Евгений Филипповпен жұптасып өнер көрсетті. Финалда италиялық Томассо Компануччи мен сербиялық Виктор Йовичтен басым түсті – 6:2, 7:5.

Дзюдо: Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен дзюдодан жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Нұржан Бисенов, Жанарыс Рахметқали, Әділет Алмат және Нұрайлым Сәрсенбек Азия чемпионы атанса, Мұхаммедәли Мавлидов күміс жүлдеге, ал Карина Такиева, Аружан Ережепова және Дана Әбдірова қола жүлдеге ие болды.