Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жалпы жетістіктерін мәлім етті, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.
Стенд ату: Кувейтте өткен стенд атудан Азия чемпионатында жерлестеріміз жеті медаль жеңіп алды. Трап бағдарламасының жұптық сынында Әлішер Айсалбаев пен Мария Дмитренко топ жарса, дәл осы бағдарламаның жастар бәсекесінде ел құрамасы үздік шықты. Сонымен қатар, скит бағдарламасында Қазақстан жастар құрамасы Азия чемпионы атанды.
Ал, жекелей сында Илья Пеньков, Мария Дмитриенко, трап және скит бағдарламасының командалық сайысында еліміздің әйелдер құрамасы қола жүлдеге ие болды.
Шорт-трек: АҚШ-тың Юта штатында (Солт-Лейк-Сити) өткен конькимен жүгіруден 4 құрлық чемпионатында командалық спринтте еліміздің ерлер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Алтай Жәрдембекұлы, Евгений Кошкин, Никита Важенин мен Артур Галиев (резервте) квартеті тек Канада құрамасынан қалып қойды. Үздік үштікті Оңтүстік Корея конькишілері түйіндеді.
Бокс: Мажарстанның Дебрецен қаласында бокстан Иштван Бочкай атындағы мемориал аяқталып, қазақстандық боксшылар бес алтын медаль жеңіп алды. жерлестерімізден Асхат Жүсіпов (48 кг), Асылжан Серікбай (57 кг), Бeйбарыс Жексен (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) және Ерасыл Жақпеков (80 кг) чемпион атанса, Даниял Сәбит (51 кг), Кенже Мұратұлы (54 кг), Сабыржан Аққалықов (71 кг) және Темірлан Мұқатаев (86 кг) күміс жүлдеге ие болды.
Үстел теннисі: Кирилл Герасименко АҚШ-та үстел теннисінен өткен WTT Feeder Corpus Christi 2024 халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды. Ұлттық құрама үздігі жарыс барысында төрт бірдей қарсыласынан басым түсті. Атап айтқанда, Кирилл Герасименко америкалық Кай Чжанды 3:1, үндістандық Хармит Десайды 3:1, германиялық Штеффен Менгельді 3:1, португалиялық Жоао Монтейруді 3:2 есебімен ұтып, алтын медаль жеңіп алды.
Велоспорт: Тайландта өткен маунтинбайктан халықаралық Thailand Cup турнирінде ел құрамасының өкілі Алина Саркулова үздік нәтиже көрсетіп, жарыс жүлдегерлерінің қатарынан көрінді. Жарыс мәресіне 3-ші болып жеткен отандасымыз турнирдің қола жүлдегері атанды.
Күрес: Францияның Ницца қаласында өткен күрес түрлерінен Henri Deglane (Анри Деглан) гран-при жарысында еліміздің үш балуаны жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Әбдіманап Байгенжеев (92 кг) финалда жеңіліп, екінші орынға табан тіресе, Рифат Сайботалов (70 кг) пен Ерхан Бексұлтанов (79 келі) қола жүлдені қанжығаларына байлады.