«Екінші Республика»: Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр?

Saryarqanews

Дәл қазір елімізде аса уақымды өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 21 наурызда «Екінші Республика» деген жаңа ұғымды қолданысқа енгізген еді. Қазір көптің көкейінде «бұл не?» деген сауал тұр. Сондай-ақ, саяси реформалар мен Ата заңға енгізілетін өзгерістер де бұқара халықты бей-жай қалдырмасы анық. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өткен Екінші Республика: конституциялық реформалар» тақырыбындағы «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысында елдегі өзгерістер туралы әңгіме өрбіді. Толығырақ тарқатсақ...

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырған шараға аймақтағы саясаттанушылар, сарапшылар мен студенттер қатысты. Күн тәртібіндегі басты тақырып – «Екінші Республика» ұғымының нені білдіретіні және оның «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасымен өзара қатынасы талқыланды.

1

- Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру барысында қазіргі таңда елімізде саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Оның бір тармағы – конституциялық реформа. Арнайы жұмыс тобы құрылып, Президент алдында атқарылатын жұмыстар туралы есеп берді. Енді бұл өзгерістер Конституциялық кеңес қабырғасында талқыға салынады. Жыл соңына қарай Ата заңымыздың үштен бір бөлігіне,  яғни 33 бапқа өзгеріс енгізіледі, - дейді «ҚҚДИ» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдинов.

Саясаттанушының айтуынша, Президент айтқан «Екінші Республика» ұғымы елдегі мемлекеттік басқаруды түбегейлі жаңғыртуды білдіреді. Яғни, билік бөлінісі қайта қаралып, Президент өкілеттілігі барынша азайтылады. Есесіне Парламенттің рөлі арта түседі. Сондай-ақ, алдағы уақытта Парламент депутаттарының 30%-ы, облыстық мәслихаттардың 50%-ы және қалалық мәслихаттардың 100% мандаты өзін-өзі ұсынушыларды тікелей сайлау арқылы ұсынылатын болады. Бұл халықтың билікке деген сенімін ұлғайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. 

Бұдан бөлек, келешекте аудандар мен қалалардың әкімдерін де жергілікті тұрғындар өздері сайлауы мүмкін.

- Бұрын әкімдерді тағайындау ісіне тұрғындардың мүлдем қатысы болмайтын. Көп жағдайда олардың талап-тілегі ескерусіз қалып жатты. Осыдан аз уақыт бұрын елімізде алғаш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ауылға кім басшы болатынын таңдау тұрғындардың өз ықтиярына берілді. Алдағы уақытта бұл оң үрдіс жалғасын тауып, жақын уақытта аудан әкімдерін, ондан соң қала басшыларын да сайлайтын боламыз. Бұл жергілікті басшылардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға және бұқараның билікке деген сенімін жақсартуға оң әсер етуі тиіс, - дейді саясаттанушы Бауыржан Серікбаев.

Тағы бір айта кетерлігі, жиын барысында Конституцияда Тұңғыш Президентке мәртебе беру жайы да сөз болды. Өткенде әлеуметтік желіде бұл мәселе қызу талқыланып, желі белсенділері тарапынан қарсы пікір қалыптасқан еді.  Сөйтсек, әңгіменің әлқисасы әріде жатыр екен. Яғни, бұл жолы ешкім «Тұңғышты ұлықтайық» деген әңгіме айтып, бастама көтермеген. Мұндай бап Конституцияда бұрыннан бар. Қайта, бұл жолы  Конституцияға реформа енгізу барысында Тұңғыш Президентке берілген артықшылықтар, тіпті, Елбасы деген статустың өзі алып тастау көзделген. Тек, ол кісінің Тәуелсіз мемлекетті құрудағы рөлі ғана қалдырылған. Нұрсұлтан Назарбаев ендігі таңда елдің экс-президенті, мемлекет құруға еңбегі сіңген тұлға ретінде ұлықталғанымен, бұдан былай ол кісінің мемлекет ісіне араласуына түбегейлі тосқауыл қойылады.  

Нұрлыхан Қалқаманұлы.