Қарағанды облысында қант тапшылығы жоқ. Көтерме сауда қоймаларында тәтті тауар қоры бар. Алдағы күндері тағы он вагон жеткізіледі деп күтілуде.
Облыс әкімдігінде қант дүрлікпесі орын алған жағдайға қатысты түсініктеме берілді.
– Таңертең көтерме саудагерлермен сөйлестік. Қазір олар барлық сауда нысандарына қант жібереді. Қоймаларда 500 тоннадан астам қалдық бар. Бұдан басқа, он вагон келе жатыр және тағы бес вагон қанттың ақшасы төленді, – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева аппараттық кеңесте.
Ол тұрақтандыру қорында қант қоры бар екенін және азық-түлік корпорациясы өнім партиясын бөлетінін жеткізді.
– Негізсіз дүрлікпе бар. Қантқа да, басқа тамақ өнімдеріне де қатысты проблемалар жоқ. Жағдайды ерекше бақылауда ұстауды сұраймын. Алыпсатарлық болған жағдайда мәселелерді жедел шешу керек, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.