Былтырғы жылы «Ауыл Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Егіндібұлақ елді мекенінде 100 орындық дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынып, бүгінгі таңда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нысанды биылғы жылы қолданысқа беру жоспарда бар. Бұл туралы Қарқаралы ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.
«Ауыл Ел Бесігі» бағдарламасы аясында, бірнеше елді мекендердің ауылішілік автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, облыстық бюджет есебінен Қарқаралы қаласының көшеаралық автомобиль жолдарына да орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үш көзді су өткізгіш құбырлары орнатылды. Қарқаралы қаласында электр желісінің құрылыс нысаны пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауданымызда көптеген құрылыс нысандары бой көтеріп, азаматтарымыз баспаналы болды.
2021 жылы аудан аумағында елді-мекендердің су жүйесін қалыпта ұстау, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін жаңадан «Қарқаралы Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны ашылды. Кәсіпорында 44 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Аудан әкімінің сөзінше, «Жасыл Қазақстан» жобасы аясында өңір бойынша 6000 дана ағаш көшеттері отырғызылды.
Биылғы жылы да біршама жұмыстар жоспарланып отыр. «Жарлы-Қарқаралы топтық су торабы» жобасының құрылыс жұмыстары басталатын болады. Алдағы уақыттарда Қарқаралы қаласында жаңа стадион, жүзу бассейннін, бірнеше тұрғын үйлер құрылыстарын салу, біраз ауылдарымызда ауыз су, жолдар, тұрғын үйлер құрылыстары, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік салалардың материалдық-техникалық жағдайларын жақсарту жоспарда бар.