Соғысқа қатысып, капрал атағын алған Маймыл

Ашық дереккөз

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Оңтүстік Африкалық маймыл медальмен марапатталып, капрал әскери атағын алған.

Альберт Марр есімді жігіт соғысқа шақырылып, медициналық сараптамадан өткен соң, өзінің досы болып кеткен Джеки атты маймылды өзімен қоса алуын өтінеді. Әскерилер Альберттің өтінішін орындап, рұқсат береді. Соғыс кезінде Джеки өзінің қараңғыда жақсы көретін қырағылығымен, есту қабілетінің жоғарылығымен тақап қалған жауды маймылша “үру” арқылы, не Альбертке белгі беріп ескертіп отырған. 1916 ж иесі жараланып қалғанда, оның үстіне жатып қорғап, санитарлар келгенше жарасын жалап көмектескен. 1918 ж бельгиялық Ренингельст қалашығында Джеки жауған оқтың астында қалып қояды. Оқтан қорғану үшін тастардан қалқан қалап жатқанда алдыңғы аяғы жараланады, ал артқы аяғы бірнеше сіңірге ғана ілініп, жұлынуға шақ қалады. Госпитальда жатқанда халін білу үшін полк командирі келгенде, орнынан ұшып тұрып, «честь» беруі барлығын сүйсіндірді. 1918 ж олар үшін соғыс аяқталып, Англияға жіберіледі. Ол жақта Джекидің атағы шығып, ол туралы лондондық басылымдар жарыса жазады. 1919 жылға дейін Оңтүстік Африка әскери министрлігінің тапсырмасымен олар Қызыл Крестпен серіктес болып, жараланған, ауру солдаттарға ақша жинайды. Джекидің қолын ұстау не оны сүю ақылы болып, олар көп ақша жинап береді. 1919 ж Преториге оралып, Джекиге медаль тағады. 1920 ж соғысты ұмытып, баяғыдай мамыражай өмір сүру үшін өз фермаларына оралады. Бірақ соғыстың қасіретін мүлде ұмыта алмаған еді. 1921 ж 22 - мамырда снарядтардың атылғанына ұқсас қатты найзағайлар ұрғанда Джекидің қатты қорқыныштан жүрегі шыдамай, жарылып кетеді. Ал Альберт 84 жасқа дейін ұзақ өмір сүрді.

Ақерке Аянқызы