Қарағанды шахтасы. Мың кем дүние...

https://www.pnp.ru/social/na-shakhte-imeni-rubana-v-kuzbasse-proizoshla-avariya.html

Қарағанды көмірін Аппақ Байжанов 1833 жылы тапқан болатын. Ал, көмір өндіру ісіне Ушаков 1856 жылы ден қоя бастаған. Ол Сармантай-Мұрат рулары  иелік етіп отырған жер телімін 250 рублге сатып алған.  Сонымен, Қарағанды шахтасы  1857 жылы ашылған «Иванов разрезінен» бастау алады.

Бірақ, біздің бүгінгі әңгімеміз шахта тарихы емес. Сол шахталардағы кісі өлімімен аяқталған апаттар жайлы болмақ. Ескеретін бір мәселе  – мақалада келтірілетін деректердің барлығы кемінде 5 адам қаза болған оқиғаларды негізге алған.

Сонымен, 1938 жыл, Горький атындағы №2 шахта. 9 адам қаза болған бұл апаттың басты себебі кабелдің тұйықталуынан шыққан өрт делінген.

Қарағанды шахталарындағы ресми түрде ең көп адам шығыны тіркелген апат 1945 жылдың 1 мамырында тіркелген. Екі ауысымнан 89 кенші қаза болған деседі. Бұл №20 Жданов шахтасы.

1958 жыл Қарағанды кеншілері үшін ауыр болғандай. Әуелі, 6 қаңтарда Костенко атындағы шахтада 7 кенші қаза тапқан. Артынша 16 ақпанда «Абай» шахтасының құрылысы кезінде 6 үңгуші қаза болған. №33/34 шахталарда жер асты суының атқылауынан 9 мамыр күні 9 кенші келмеске кеткен.

1961 жыл, №4 шахта, 5 әскери құтқарушы қайтыс болған.

1961 жылдың 2 тамызында №18 шахтада өрт шыққан.Нәтижесінде 48 кенші қаза тапқан. Оқиғаның тірі куәгерлері естелік тақтадағы 48 есім мәйіті жер астында қалған адамдарға тиесілі деген. Ал, дәл сол өрттен жапа шегіп, қайтыс болушылардың саны бейресми деректерде 102 адам деп те көрсетілген. Олардың ішінде құтқарушылар және иіс тиіп өлген 3 ауыл тұрғыны да болған. Адам шығынының көп болуының басты себебінің бірі өрт шығып жатқан кезде де шахтаның басқа бөліктерінің жұмысын тоқтатпау жайлы бұйрықтың болғандығында деседі.

1962 жылы Саран қаласындағы № 120 шахтадағы өртті сөндіру кезінде 11 құтқарушы қаза тапқан.

1963 жылдың шілдесі, Саран қаласындағы «Дубовская» шахтасы. Өрт себебі метан жарылысы деп көрсетілген. Кеншілер мен құтқарушыларды қоса есептегенде көз жұмған адам саны 22.

1967 жыл, №35 шахта. Метан жарылысының салдарынан 10 адам қаза тапқан.

1968 жыл. Күзембаев атындағы шахта. Қайтыс болғандар 16.

1971 жыл, тамыз айы. «Карагандинская» шахтасындағы апатта 2 кенші, 7 құтқарушы қаза тапқан.

1975 жыл, қаңтар айының 23 жұлдызы. Шахта төбесінің опырылуынан 5 кенші қаза тапқан. Оқиға «Стахановская» шахтасында орын алған. Дәл осы жылы «Шерубай-Нұра» шахтасындағы апатта 8 адам көз жұмған.

Араға бір жыл салып, яғни,1976 жылы тағы да сол «Стахановская» шахтасында апат болып, 8 кенші көз жұмған.

20 ақпан, 1978 жыл. «Соқыр» шахтасында метан жарылысының кесірінен 72 адам қаза тапқан.

1980 жыл, Абай қаласындағы Калинин шахтасында 7 адам қаза болды.

1983 жылдың қысында Қазан революциясының 50 жылдығы атындағы шахтасында 31 адам қайтыс болған. Дәл осы шахтада, дәл осы жылы жаздың алғашқы айында 11 адам қайтыс болған.

Шахтадағы жағдай Тәуелсіздік алған жылдары бірден түзеле қоймады.

1994 жылдың 16 наурызында «Ақтас» шахтасында өрт шығып, 11 құтқарушы қаза тапқан. Дәл осы жылы шілде айында Шахтинск қаласындағы «Қазақстан» шахтасында 14 кенші қаза тапты.

24 қараша, 1995 жыл, Шахтинск қаласындағы «Ленин» атындағы шахтадағы апат 13 кеншінің өмірін жалмады.

2004 жыл. «Шахтинская» шахтасы. 23 кенші қаза тапты.

2006 жыл. Шахтинск қаласындағы «Ленин» атындағы шахта – 41 адам.

2008 жыл, 11 қаңтар. «Абай» атындағы шахта. 30 кенші көз жұмды.

2 маусым, 2008 жыл. «Тентек» шахтасында 5 адам қаза тапты.

12 қазан, 2008 жыл. Шахтаға түсетін клетка лифттің үзілуінен 6 адам қайтыс болды.

2021 жылдың 7 қарашасында «Абай» шахтасында 6 адам қаза тапты.

2022 жыл, «Ленин» шахтасы. 5 адам қаза болды. Жалпы, «Ленин» шахтасындағы апаттардың барлығы дерлік метан жарылысынан деп көрсетілген...

Шахтадағы жағдай әлі де түзеле қойған жоқ...