Қарағанды қаласының жұқпалы аурулар орталығы заманауи жабдықтармен қамтылды

ашық дереккөз

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының инфекциялық бөлімшесінің екінші блогына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ғимаратта желдету, жылыту жүйесі, су құбыры және кәріз желілері жаңартылды, сондай-ақ материалдық-техникалық жабдықтар жақсартылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жөнделген корпуста болып қайтты.

Екі қабатты ғимарат 1955 жылы салынған. Оның ауданы 2100 шаршы метрді құрайды. Жөндеу жұмыстары соңғы рет 2012 жылы жүргізілген. Биыл күрделі жөндеу кезінде барлық инженерлік инфрақұрылым ауыстырылды: су құбыры, кәріз желілері, жылыту және ауа желдету жүйелері. Ауа желдету жүйесі санитарлық шарттарға сәйкес келеді. Ол әр палатада бөлек ауа айналымын қамтамасыз етеді, бұл инфекциялардың таралуына жол бермейді.

Жаңа металл және пластикалық есік блоктары орнатылып, саңылаулар кеңейтілді. Бөлмелердегі ескі линолеум заманауи біртекті жабынмен ауыстырылды.

Ғимараттың қасбеті қосымша оқшауланған және қапталған. Жаңа санитарлық жабдықтар, емдік газбен жабдықтаудың сыртқы және ішкі желілері орнатылды.

Реанимация бөлімі де қайта құрылды. Енді реанимациялық блок қабылдау-диагностикалық бөлімшенің жанында орналасқан.

– Бұрын реанимация үшінші корпуста орналасқан, ол жұмыс істеп тұрған екі корпустан және қабылдау бөлімшесінен алшақ болды. Сонымен қатар, ол екінші қабатта болды. Бұл пациенттерді тасымалдау және эвакуациялау тұрғысынан қолайсыздықтар туғызатын, – дейді жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Ержан Жүнісов. – Қазір реанимация бірінші қабатта, қабылдау бөлмесінің жанында орналасқан. Біздің орталықтың ерекшелігі – біз жүз пайызға жуық жедел көмек көрсетеміз: барлық дерлік науқастар ауыр халде түседі және көбінесе қабылдау бөлмесінен бірден реанимация бөліміне жайғастырылады. Сонымен қатар, бұл ғимаратта екі балалар бөлімі орналасқан.

Жөнделген корпус үшін жаңа жабдықтар сатып алынды: желдеткіштер, төсек жанындағы мониторлар, заманауи ультрадыбыстық аппараттар, олардың бірі стационарлық, екіншісі портативті. Сондай-ақ, өткен жылы орталық үшін қабатты зерттеу мүмкіндіктері бар цифрлық рентген аппараты сатып алынды.

Сонымен қатар, медициналық техника мен жиһаз ауыстырылды. Бүкіл ауруханада SOS жүйесі, дабыл түймелері орнатылған.

– Реанимация бөлімшесі алты төсекке шақталған. Бұл қаладағы балаларды да, ересектерді де қабылдауға қабілетті жалғыз бөлім. Жұқпалы аурулар орталығы 190 балалар мен ересек науқастарды қабылдауға қауқарлы. Біз респираторлық, ішек, вирустық инфекциялармен ауыратын науқастарға көмек көрсетеміз. Нейро - және тамшы инфекциясы бар науқастар үшін бөлек блок бар, – дейді Ержан Жүнісов. – Жөндеу жұмыстары кезінде науқастарды басқа екі корпус қабылдады. Өткен жылы 7,5 мыңға жуық адам емделді.

2019 жылы нейроинфекция бокстелген бөлімшекүрделі жөндеуден өтті. Биылғы жылы инфрақұрылым мен материалдық-техникалық жарақтандыруды жаңартумен үшінші корпусқа күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

 

 

 

Фото: Еркебұлан Хадылбек