Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамытуға 500-ден астам грант бөлінеді

ашық дереккөз

Биыл Қарағанды облысында кәсіпкерлікті дамыту үшін 510 грант бөлінеді, оның ішінде жастар үшін де.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова грант алу конкурстарына қатысу мүмкіндігі және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру туралы айтып берді.

– Биыл 510 грант беру жоспарлануда, оның ішінде 240-ы жастар үшін. Жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге грант алу үшін кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өту қажет. Оқудан өткен қатысушыға сертификат беріледі. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту процесінің ұзақтығы күнтізбелік 14 күннен аспайды,– дейді Әсем Жүніспекова.

Биыл грант алу тетігі де өзгерді. Қатысу үшін Enbek.kz сайтында тіркелу қажет  және "Бизнес-ресурстар" бөлімінде онлайн-өтінім беру керек. Сондай-ақ, осы порталда үміткер бизнес-жоспарды дербес әзірлейді және жобаны қорғайды.

Таныстырудан кейін комиссия грант беру, бермеу туралы шешім қабылдайды. Мақұлдаған жағдайда қатысушы банк деректемелерін ұсынады және жұмыспен қамту орталығымен шарт жасасады. Қаражат түскеннен кейін, үш ай ішінде гранттың мақсатты пайдаланылуын растау қажет.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған мемлекеттік гранттар мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ, 576 адам www.skills.enbek.kz сайты арқылы онлайн-оқудан өтеді. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірде халықты жұмыспен қамту шараларымен 31 мың адам қамтылатын болады. Негізгі екпін – жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған.