Софы Сматаев "Қазақстанның халық жазушысы" атағына ие болды

ғаламтор

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар.

Сонымен қатар, биылдан бастап құрметті марапаттар қатарына «Қазақстанның халық жазушысы» және «Қазақстанның халық әртісі» атақтары қосылды. Т.Әбдікұлы, С.Елубаев, Б.Нұржекеев, С.Сматаев, А.Аширов және Л.Шашкова «Қазақстанның халық жазушысы» атағын иеленді. «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Д.Ахимовқа, М.Токарев пен Д.Ақмолдаға, опера әншілері Ш.Әбілов пен Т.Күзенбаевқа, атақты әншілер Р.Стамғазиевке, Д.Құдайбергенге және күйші А.Үлкенбаеваға берілді.

Осы жоғары марапатқа ие болып жатқан қаламгерлер қатарында жерлесіміз Софы Сматаевты көріп жатқанымызға қуаныштымыз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында әдебиетке келіп, күні бүгінге дейін үздіксіз еңбек етіп келе жатқан заманымыздың көрнекті өкілі – ақын, прозашы, драматург Софы Қалыбекұлы Сматаев 1941 жылы 22 маусымда Қарағанды облысы Ақадыр ауданында дүниеге келген. Сол жерде мектеп табалдырығын аттап, Жаңаарқа аудан орталығында нағашыларының қолында бітірген. 

Жоғарғы оқуын Қазақ Мемлекеттік университетінде бастап, келесі жылы Мәскеудегі Болат және кен қорыту институтына ауысып, инженер-металлург мамандығын алып шығады. Осында оқып жүріп ол Мәскеудегі Орақ-балға, Теміртаудағы металлургия зауыттарында өндірістік тәжірибеден өтеді, біраз уақыт оқудан қол үзбей жұмыс істейді. 

Жасынан әдебиетке құмар қаламгер инженер-метталург болып жүріп әдебиетпен шұғылдана бастайды, өлеңдер, шағын көлемдегі прозалық шығармалар жазады. Қазақ тарихының мәселелерін зерттеп, тарихи тақырыпта тың туындылар жазуға дайындалады. Ақыры 1968 жылы мамандығын өзгертіп, әдеби қызметке ауысады. Софы қазақ сыны мен әдебиет зерттеу ғылымында тиісті бағасын алған. Оның кітаптары Р.Бердібай, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, Т.Сыдықов, З.Серіққалиев сияқты сыншылардың талдауынан өткен. Жеке кітаптары жайлы бірсыпыра мақалалар мен рецензиялар бар. 

Жазушының баспа бетін көрген тұңғыш кітабы – «Астана оттары» (1968) атты өлеңдер жинағы. Содан бергі уақытта ол әр жанрда 20-ға жуық кітап жариялады. Ол өндіріс маманы есебінде шығармаларын негізінен өзі білетін өмір шындығына сүйеніп жазды. Оның әңгіме-хикаяттарының кейіпкерлері – жұмысшы ортасынан шыққан жастар. Жазушы олардың өмір танудағы алғашқы баспалдағын көркем суреттеуге ұмтылады. Мұны біз жазушының «Алау» , «Аймаңдай» хикаяттарынан аңғарамыз. 

Жазушыны кеңес дәуірінің қайшылықты тарихы да қызықтырды. «Алғашқы асу» хикаятында ол өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақтар бастан кешкен ауыр тұрмыс-тіршіліктің көркем суреттерін жасауға ұмтылды. Аштықтан, қуғын-сүргіннен мезі болған елдің қоныс аударуы, оларды қуып, қолға түсіріп қайтару, жазалау оқиғалары сол дәуірдің ащы шындығына сүйене жазылған. Кейін ол бұл тақырыпқа қайта оралып, «Ақжелкен» атты роман жазды. 

Қаламгердің жазушылық есімін танытқан – оның романдары, әсіресе, тарихи романдары. «Елім-ай» – оның тұңғыш романы. Бұл қазақ тарихының ең күрделі әрі ауыр дәуірінде туған осы атаулы халық әні тарихымен тікелей байланысты.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ел мен жер, халық тарихы арқылы өмірдің бұралаң, қайшылықты даму сырларын көркем әдебиетте бейнелеп көрсету мүмкіндігі туды. І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев сияқты қаламгерлер қазақ тарихының қайшылықты мәселелерін көтеріп, романдар жазды. Осы ғалымдармен бірге қазақ тарихы тақырыбына қалам тербеп, осы топтың алдыңғы легінде «Елім-ай» атты шығармасымен көзге түскен – Софы Сматаев болатын. 

Жерлес жазушы ағамызды лайықты жоғары марапатымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, жемісті еңбек, зор шығармашылық табыстар тілейміз!