1 триллионға жуық теңге мемлекетке қайтарылды

orda.kz

Елден заңсыз шығарылған 1 триллионға жуық теңге мемлекетке кері қайтарылды. 15 млн доллары Біріккен Араб Әмірліктерінен, 82 миллионы Австриядан, 60 млн-ға жуығы Лихтенштейннен қайтарылған. Заңсыз шетел асқан активтерді қайтаруды былтыр Президент тапсырған еді. Бұл қаражатқа шалғай аймақтарда негізінен мектеп, аурухана секілді әлеуметтік нысандар тұрғызылмақ, - деп хабарлайды Life09 ақпараттық агенттігі ktk.kz сайтына сілтеме жасап.

Мұрат Ергешбаев, Мәжіліс депутаты:

— Үлкен жұмыс атқарылды. Өздеріңіз де білесіздер. Заңсыз иеленген мүлік пен қаражатты сырттан бері қарай тарту. Осы жұмыстың арқасында 857 млрд теңге қайтарылды. Бұның артында қомақты жұмыс болғанын айтуымыз керек. Себебі, дүние-мүліктер басқа шет мемлекеттерде орналасқан. Енді сол халықтың игілігіне пайдаланылатынына сенімдіміз. Мемлекет мүддесі үшін шет елден тартылған инвестиция көлемі он сегіз жарым триллион теңгені құрады. Сондай-ақ, еліміздің салық кодексі қайта қаралуда. Заң жобасына түзетулер мен толықтырулар енгізуде белді сарапшылар мен экономистердің, бизнес қауымдастықтардың сын-ескертпелері ескеріліп жатыр. Президент сайлауалды бағдарламасында тілге тиек еткен сән-салтанат салығы да осы кодексте көрініс табады. Мемлекет басшысының тағы бір бастамасының арқасында, қарызға белшесінен батқан қазақстандықтар соттан тыс банкроттыққа өтінім бере алады.

Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:

— Президенттің сайлауалды бағдарламасында таза энергия қуатын бір жарым есеге көтеру бойынша міндет қойған. Міне ,бүгінгі ратификацияның аясында бізде 1 ГБ электр желісі салынбақ. Бұған 820 млрд-тай қаржы тартылатын болады. Осының өзі сайлауалды бағдарламаның инвестиция тартудың бір көрініс деп айтуға болады.