2028 жылға дейін 55 мыңнан астам студент жатақханамен қамтылады

dauletten.kz

Алдағы бес жылда жатақханалардағы орын саны 55,5 мыңға ұлғаяды. Премьер-министр Әлихан Смайылов Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Кешенді жоспарға енген жобалар құнының 30 пайызын мемлекет қаржыландырады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Хабар 24-ке сілтеме жасап.

Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша жалпы 43 нысан қамтылған. Мұның ішінде жаңа 3 емхана мен 3 оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Спорт саласында жаңа 8 спорт залын іске қосу жоспарланған. Барлық бағыттар бойынша жаңа нысандардың жалпы құны 261 млрд теңгеден асады.

"Кешенді жоспарға сәйкес, 8 мыңға жуық орынға арналған 9 студенттік жатақхана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында жаңа жатақханалар ашылмақ", - дейді Қазақстан премьер-министрінің баспасөз хатшысы Динара Әлімова.

Атап айтқанда, биыл 10 мың орынға арналған 43 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Жалпы, барлық қаржы көзі есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға беріледі.