Муза

Ашық дереккөз

Ерінің от екен ғой лапылдаған,

Жүре ме отқа қарсы ақылды адам?

Өртеніп кетеді ғой күлге айналып,

Жаныңа жанұшырып жақындаған. 

 

Ділді де, тілді үйіріп балдай жалған,

Бір сәуле көзімді арбап алдайды алдан.

Мен де бір көзсіз соқыр көбелекпін,

Шарқ ұрып өлерінде шамды айналған.

 

Қаңқу мен өсекке де елең етпей,

Көп елдің гөй-гөйіне көне кетпей, –

Шарқ ұрып, сені айналып, лағып жүрмін,

Көзсіз бір шамды айналған көбелектей.

 

Ұшып ем талай түрлі гүлді айналып,

Көз көрмей, көңіл босап, тіл байланып.

Түбіне жүрегіңнің қона беріп,

Түбінде кетермін-ау күлге айналып...

Бұл өлеңді гректердің бәрі де жатқа айтқан деседі. Әсіресе, әйелдер қауымы. Бұған қарағанда, алғашқы ақын еркектерден шыққан! Біздің Есенғалидың "Әйелден ақын шықпайды, Әнші не күйші болмаса?"– деп жүргені содан. Ол мұны өзі айтайын деп, айтқан жоқ. Мұны бүкіл ғаламзат пен адамзаттың иесі

Ар-Рахмаан* – Әл-Мутәкәббир** – Әл-Хаалиқ ***–  Әл-Баари**** – Әл-Мусаууир***** –Жаһанды Жаратқан Жасаған Ие-- Алла Тағала аузына салып отыр! Оған, меніңше, әйел ақындар буынсыз жерден пышақ салып, тектен текке ренжіп жүрген көрінеді... Дұрыс емес онысы, мүлде!

*Рахмаан – Аса рақымды, Аса мейірімді. **Ар-Рахиим – Мейірбан, Ерекше мейірімді. ***Әл-Мутәкәббир – Тәкаппар, Аса жоғары. ****Әл-Хаалиқ – Жаратушы. *****Әл-Баари – Жоқтан бар етуші. ******Әл-Мусаууир – Бейнелеуші --Алла (арабша) – Әлемдердің Жаратушысы.

Ақынның осы жыры әйел біткенді шарайнаның алдына алып келді! Бұрын өзінің әсем көркіне, Тәңірі өзінің тәңіри талғамына салып түнек жапқан жаһанға жарқырата жаратқан тұлға-бітіміне аса мән бере қоймай, қалай болса, солай жүретін әйелзаты ерінін бүлдіргенмен, қасын қарақатпен боянып, құлпырып шыға келген! Еркек біткен аң-таң, өздері де аң-таң... Әйел мен қоса Әлем де таңғажайып күйге енді! Достаевский "Әлемді құтқаратын – сұлулық! – деген сөзді осы грек сылқымдарына қарап айтқан болуы керек деп, орыс филологтары шықты. Бірақ, бұл пікір де аса көңілге қона қоймайды. Неге десеңіз, сол Достаевский айтқан сұлулық ормандай орыс жұртын да неше түрлі зымияндық пен зұлымдықтан құтқара алмай-ақ кетті ғой?

Пушкинн мен Блоктың, Есенин мен Евтушенконың жан-дүниесін тебіренткен орман сұлулары Патша Романовтар мен Генсек Сталин, Хрущев- Брежневтер түгілі, демократ Елциндерді де дегеніне жүргізе алған жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр?

Содан бастап, Суретші деген кісілер пайда болып, әйелдердің әсем бейнелерін сала бастады. Күліп отырған әйелдер, мұңайып отырған әйелдер дейсің бе, бәрі бар мұнда. Әрбірден кейін оларды тыр жалаңаш қалпында бейнелеуге көшті! Сөйтсе, әлемде әйелдің денесіне жететін сұлулық жоқ көрінеді! Соны адамзат енді білді, әлгі алғашқы ақынның өлеңінен кейін? Ол болмаса, осы күнге дейін әйел мен еркекті айыра алмай, жүре берер ме еді, қайтер еді?

Ә дегенде Муза әйелдің, ер-азаматтың кеудесіне асқақ күш , жан-тәніне Құдайдың сиқырлы бір қуатын құятын құдіретті рухтың аты еді, кейін келе-келе ақындарға адуынды шабыт шақыратын поэтикалық терминге айналып кетіпті. Жайдан жай "айналып" кеткен жоқ, біреулер "айналдырып" жіберді!

 

                                                                                               Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ