Мәртебелі ұстаз мерейлі жаста

Фейсбук

Бүгін ұстаз, білікті маман, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қарағанды облысының білім беру ісінің құрметті педагогы, халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері Ғазиза Ғабдоллақызы СМАҒҰЛОВАНЫҢ туған күні.

Ардақты ұстаз осы күнге дейін Қарағанды облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру институтында табан аудармай қызмет етіп келе жатыр. Әулие өткен қаз дауысты Қазыбек бидің елі, теңдессіз күйші Тәттімбеттің топырағы,  дауылпаз Мәдидің мекенінде дүниеге келген болашақ ұстаздың бойына жасынан киелі жердің құты дарыған. Еңбек жолын 1976 жылы Қарқаралы ауданына қарайтын Арқалық ауылында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметіне кіріседі. Осы жылдар ішінде жазған оқу құралы Қазақ ССР оқу министрлігі арқылы 1987 жылы бүкіл республика мектептеріне таратылады.

       Ғазиза ұстаз 1991 жылы облыстық білім басқармасының шақыртуымен Қарағанды облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтына қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып тағайындалады. Институтқа келген күннен тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім беру стандартын жүзеге асыруда, әсіресе, оқу орыс тілінде жүретін білім ұйымдарындағы мемлекеттік тілді оқытуды сапалық деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстарды дереу қолға алады. Өзі осы саланың білгір маманы ретінде қазақ тілінің өрісін кеңейту үшін, әсіресе ана тілін жетік білетін кадрларды даярлауда аса қажетті жаңа оқу курстарын ашып, оқу бағдарламаларының құралдарын жасап, оқулықтар шығарады. Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуға байланысты 80-нен астам ғылыми мақалалар мен еңбектері халықаралық, республикалық басылымдарда жарияланып тұратын жоғары санатты ұстаз бүгінгі таңда – осы саладағы бірегей тұлға. 

          Біздің буын да осы ұстаздың талантты жас толқынға жасаған қолдауы мен жанашырлық еңбегін көп көрді, ақыл-кеңесінен қанаттанды.

          Ол кезде Нұрмақов атындағы мектеп-интернатта жоғары сыныпта оқитынбыз. Ұстазымыз – Ақбайдың Жақыбының ұрпағы, 70-жылдары Қарағанды қаласында Әлекеңмен (Әлімхан Ермеков) туыс ретінде пікірлес, сырлас болған, Мұхтар Әуезовтен дәріс алған Ләззат Бәйішқызы. Міне, осындай зиялы толқынның өнеге-ғибратын бойына сіңірген Ғазиза апай қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қалалық, облыстық олимпиадаларды ұйымдастыруға ұйытқы болып, республикалық олимпиадаларға шәкірттер дайындауда зор еңбек сіңірді. Осы ұстаздар жетекшіліп жасап, талабымыз бен талантымызды шыңдап,  3 жыл қатарынан республикалық олимпиадада 1-орын иеленген едік...

            

          Ғазиза ұстаз 2000 жылдан бері Абай-Шәкәрім топырағында дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық Абай оқуларын облыста тұңғыш ұйымдастырушылардың бірі, әрі республикалық оқудың қазылар алқасының тұрақты мүшесі ретінде есімі ерекше аталады.    Ол мемлекеттік тілдің қолдану аясын дамыту үшін ұйымдастырылып жүрген «Жарқын болашақ» республикалық KATEV қазақ тілі олимпиадасының өтуіне үлкен үлес қосуда. Осы енбегі үшін бірнеше рет «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры президентінің Алғыс хаттарымен және марапатталған.    

Осы жылдар ішінде Ғ.Смағұлова қазақ тілі мен әдебиетін оқытуды дамыту мақсатында білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Онлайн семинарлар, вебинарлар, шеберлік сағаттары, медиа сабақтар, педогикалық шеберхана сияқты жұмыс түрлерін кеңінен жүргізіп келеді.     Шәкірттері республиканың барлық білім беру салаларында, ЖОО-да, біліктілікті арттыру жүйесінде табысты еңбек етуде. Олар, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ-ның тренерлері, озық тәрбиелі ұстаздар М.Айткенова, М.Сүлейменов, М.Мукушева, Ж.Тойымбекова, Д. Төрекелді, А. Жапбарқұлова, М. Әлжан, т.б.      Қорыта айтқанда, өнер кенішінен, білім бұлағынан бастау алған небір дарынды ұлдар мен қыздардың шығармашылығын шыңдап, тек кәсіби білікті маман ғана емес, парасатты да мәдениетті тұлға болып қалыптасуына айырықша көңіл бөліп келе жатқан Ғазиза Ғабдоллақызын мерейлі жасымен құттықтай келіп, деніне саулық, еңбегіне табыс, шығармашылық жолына жеміс пен жеңістер тілейміз.

Қайрат АСҚАР