Сайлау – Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын айқындайды

Ortalyq Qazaqstan

Қазақстанның пилоттық өңірлеріндегі аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау науқаны қыза түсті. Приозерск қаласында тұңғыш рет қала әкімін сайлау ұйымдастырылуда.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрғали Қарабеков биыл шағын шаһарда орналасқан №804 сайлау учаскесінде бақылаушы болып отырғандығын жеткізді.

"Тұрғындардың мүддесін көтеруге бағытталған сайлау саяси реформаларға тың серпін береді, әрі халықтың ел басқару ісі мен шешім қабылдау үдерісіне белсенді түрде араласуына жол аша түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында «Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз» – деп, ашық қоғам құруға айқын қадам жасалып, үлкен саяси маңызы бар мәселеге назар аудартты. Сондықтан, бұл Жаңа Қазақстанның жарқын бастамасын қолдау үшін бақылаушы ретінде өз үлесімді қосып жатырмын. Сайлау заң талабы мен ережеге сәйкес ұйымдастырылуда", – дейді бақылаушы Нұрғали Қарабеков.

Айта кетейік, Приозерск қаласында 11 сайлау учаскесі бар. Қала әкіміне үміткер ретінде 4 азамат тіркелген. Жалпы, қала бойынша, 62 комиссия мүшесі оқудан өткен. Сайлау барысында 6534 қала тұрғыны дауыс береді деп күтілуде.

                                                                                                                                               Нұрдос КӘРІМ,                                                                                                                                            ПРИОЗЕРСК.