Еуроға соңғы қадам қалды

kff.kz

Қазақстан Сан-Мариноны жеңіп, Германияда өтетін дүбірлі додаға бір қадам жақындай түсті.

Енді жолдама тағдыры толықтай құрама жігіттерінің өз қолында. Іріктеу турнирі басталмас бұрын ұлттық құрама Данияны жеңеді немесе топтан шығуы не шықпауы соңғы турда шешіледі десе, сенбейтін де шығарсыз. Алайда, бүгінгі күнде бұл көптен күткен тарихи жетістікке бір-ақ қадам қалды. Ол үшін Словения құрамасымен болатын соңғы кездесуде тек жеңіс қажет.

UEFA Euro 2024 іріктеу додасында бүгін - үш финалдық ойын. Словения, Италия және Чехия үшеуіне тең ойын да жетеді. Ал, Қазақстан, Украина және Молдоваға тек жеңіс керек.

Жалпы, UEFA Euro 2024 іріктеу додасындағы 10 топтан 16 құрама Еуропа чемпионаты жолдамасына ие болды. Қалған төрт құрама жоғарыдағы үш ойында және "D" тобындағы екі матчтың нәтижесі бойынша анықталмақ.

"D" тобында енді бір жолдамадан Хорватия (13 ұпай) және Уэльс (11 ұпай) - үмітті. Ал, соңғы турда (қарашаның 21-інен 22-сіне қараған түні) Уэльс - Түркия және Хорватия - Армения құрамалары өзара сынға түседі. Осы екі матчтан соң 20-сыншы құрама белгілі болады.

Бұған дейін футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің соңғы турында кездесетін Словения – Қазақстан матчының төрешілері белгілі болған еді.

Матчтың бас төрешісі - поляк Шимон Марчиняк.

Оған отандастары Павел Сокольницкий мен Адам Купсик көмектеседі. Қосалқы төреші де сол елдің өкілі - Павел Рачковски.

Бұл кездесуде әлем чемпионатының финалында бас төреші болған польшалық маманның төрелік етуі, әлем назары осы матчта болатынын айқындап тұрғандай.

Футбол сарапшылары мен букмекерлік орталықтар алдағы ойында алаң иелері Словенияның жеңіске жету мүмкіндігі жоғары деп бағалап отыр.

Ел құрамасы H тобында 9 ойыннан кейін 18 ұпай жинап, үшінші орында тұр.

Бұл топта Дания 22 ұпай жинап, бір тур бұрын құрлықтық доданың финалдық сатысына жолдама алды. Ал, Словенияның еншісінде 19 ұпай бар.

Аталған кездесуге ел құрамасы сапында жарақатына байланысты Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Михаил Габышев, Бахтиер Зайнутдинов қатыса алмайды.

Біздің футболшылар 23 наурызда елордада өткен ойында аталған қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберген еді.

Сонымен қатар, Еуропа Футбол Ассоциациасының (УЕФА) жетінші президенті Александр Чеферин бүгінгі Словения – Қазақстан арасында өтетін ойынға келеді.

16000 жанкүйер сыятын «Стожице» стадионындағы ойынды бүгін сағат 01:45-те «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасынан көре аласыздар.