Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жетістіктері қандай?

ҚР Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жалпы жетістіктерін мәлім етті, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Каратэ: Киокушинкай-кан каратэден Алматыда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 115 медаль жеңіп алып, ең үздік нәтиже көрсетті. Жасөспірімдер, жастар, ересектер, ардагерлер арасындағы «ката» және «кумитэ» бәсекелерін қоса есептегенде, Қазақстан құрамасы 29 алтын, 25 күміс, 61 қола медальмен жалпы есепте топ жарды. Екінші орынды Ресей (24 алтын, 26 күміс, 47 қола) құрамасы иеленсе, Жапония үздік үштікті түйіндеді (10 алтын, 7 күміс, 2 қола).

Конькимен жүгіру: Италияның Коллальбо қаласында мәресіне жеткен жастар арасындағы әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары екі жүлдеге қол жеткізді. Атап айтқанда, Инесса Шумекова (1:22:34 секунд) 1000 метр қашықтықта алтыннан алқа тақса, Арина Ильященко (1:22:61 секунд) күміспен күптелді.

Мәнерлеп сырғанау: Қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері Рахат Бралин Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен Bosphorus Cup-2023 додасында қола жүлдеге ие болды. Отандасымыз қос жаттығудың нәтижесінде 203.40 ұпай жинап, жарысты үшінші орынмен аяқтады. Бас жүлде әзірбайжан спортшысы Владимир Литвинцевке (221.10 ұпай) бұйырса, үшінші орынға түрік спортшысы Бурак Демирбога (211.02 ұпай) жайғасты.

Шорт-трек: Нидерландтың Леэварден қаласында жалауы желбіреген шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогінің екінші кезеңінде Қазақстанның қыздар құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді. Әйелдер эстафетасындағы (3000 м) бәсекеде ел құрамасы сапынан Алина Әжіғалиева, Зейнеп Құмархан, Анастасия Астраханцева, Гүлдана Жалмұхан, Полина Омельчук бақ сынады. Бірінші орынды Корея құрамасы иеленсе, екінші сатыға Нидерланд әйелдер құрамасы көтерілді.

Әйелдер күресі: Беларусь астанасы Минскіде үш дүркін олимпиада чемпионы Александр Медведьті еске түсіруге арналған күрестен гран-при жарысында екі отандасымыз үздіктер қатарынан көрінді. 65 келіде бақ сынаған Ирина Казюлина мен 76 келіде белдескен Эльмира Сыздықова турнирдің қола жүлдегері атанды.

Грек-рим күресі: Отандық палуан Аманғали Бекболатов Әзірбайжанның бас шаһары – Бакуде өткен грек-рим күресінен әскерилер арасында ұйымдастырылған әлем чемпионатында 55 кг салмақ дәрежесінде топ жарды.

Кәсіпқой бокс: Қазақстандық былғары қолғап шебері Бекман Сойлыбаев (17-1, 8 КО) Түркияның Трабзон қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде өзбекстандық Мирзамухаммад Хикматуллаевпен жұдырықтасып, қарсыласынан техникалық нокаутпен басым түсті.

Фристайл-акробатика: Финляндияның Рука қаласында өткен фристайл-акробатикадан әлем кубогінің бірінші кезеңінде Жанбота Алдабергенова (77,43 ұпай) қола жүлдегер атанды. Бірінші орынды канадалық Марианна Тино (99,05 ұпай) иеленсе, күміс жүлдені австралиялық Даниэль Скотт (88,47 ұпай) жеңіп алды.