Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жетістіктері қандай?

ҚР Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстан спортшыларының өткен аптадағы жалпы жетістіктерін мәлім етті, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі.

Шайбалы хоккей: Мажарстанның бас шаһары – Будапештте ұйымдастырылған шайбалы хоккейден 20 жасқа дейінгілер арасындағы бірінші дивизионның әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы өз тобында топ жарып, әлем чемпионатының элиталы дивизионына жолдама алды. Ұлттық құрама хоккейшілері топтық сайыста бес ойынның төртеуінде қарсыластарынан басым түсіп, бір ойында жеңіліп қалды. Осылайша, бес ойында 13 ұпай жинаған жерлестеріміз жеке-дара топ бастады.

Шорт-трек: Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен шорт-тректен әлем кубогі кезеңінде ұлттық құраманың үздігі Денис Никиша 500 метрге жүгіруде қола жүлдегер атанды. Бас жүлдені Қытай спортшысы Шаоан Лю еншілесе, күміс жүлдеге кореялық И-Ра Сё қол жеткізді. Бұл – Денистің биылғы маусымдағы екінші қола жүлдесі. Бұған дейін ол Канаданың Монреаль қаласындағы әлем кубогінде эстафетадан қола медаль жеңіп алған еді.

Аралас жекпе-жек: Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавқат Рахмонов кезекті кездесуінде жеңіске жетті. Даңқты жерлесіміз мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті. Бұл – жерлесіміздің карьерасындағы 18-ші жеңісі.

Футзал: Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы әлем чемпионатының элиталық іріктеу кезеңінде Нидерланд құрамасын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы жеңістен кейін жерлестеріміз Өзбекстанда өтетін әлем біріншілігіне жолдама жеңіп алды. Қазақстан құрамасы топтық сайыстағы соңғы ойынын 20 желтоқсанда Румынияға қарсы өткізеді. Матч Рапид-Валентин Станеску Холл спорт кешенінде өтеді.

Бокс: Тәуелсіздік күні қарсаңында елордада еліміздің ең үздік боксшыларының қатысуымен «Чемпиондар түні IBА» — «Astana Arlans» үлкен бокс кеші ұйымдастырылды. Отандық боксты өрге сүйреп жүрген Қазақстан командасы мен әлем боксшылары жұдырықтасып, бәсеке 4:4 есебімен тең аяқталды.

Биатлон: Италияның Риднаун қаласында өткен биатлоннан жасөспірімдер арасындағы  IBU кубогінде отандасымыз Вадим Куралес күміс жүлде жеңіп алды. Ерлер арасындағы он шақырымдық спринт жарысында Куралес мәреге екінші болып жетті. Алтын медальді хорватиялық Матия Легович иеленсе, қоланы польшалық Марцин Завол еншіледі.