Елдегі төтенше жағдайға байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзі тапсырған. Бұл туралы Елбасы кеңсесінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады.
"Мен осыған дейін мәлімдегендей, Елбасы осы күндері Нұр-Сұлтанда болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетті. Алайда жағдай қиын болды.Сондықтан Елбасының өзі Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады. Өйткені, ол тәртіпсіздік пен террорға ел билігі жедел, қатаң және ымырасыз шешім қабылдау керегін жақсы түсінді", - дейді Айдос Үкібай.
Айта кетейік, бұған дейін Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасында екенін және Президентпен үнемі байланыста отырғанын хабарлаған. Сондай-ақ, халықты желіде тараған түрлі қауесеттерге сенбеуге шақырды.