BANNER

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары үндеу жариялады

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары үндеу жариялады

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарымен Алматы қаласы мен Маңғыстау облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін, сондай-ақ Алматы облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 12:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес төтенше жағдай қолданылатын кезеңде ол енгізілген жерде мынадай негізгі шаралар мен уақытша шектеулер көзделген:

- еркін жүріп-тұруға, оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуына шектеулер белгіленді;

- тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру;

- бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салынды.

Қосымша уақытша шектеу шаралары ретінде сағат 23:00-ден 07:00-ге дейін коменданттық сағат енгізілген, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, этил спиртін және алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған, жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәрілерді уақытша алып қою көзделген.

Қазақстан Республикасы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 20-бабына сәйкес коменданттық сағат қағидаларын бұзған жеке тұлғаларды полиция қызметкерлері немесе әскери патрульдер коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге олардың жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдарды – олардың жеке басын анықтағанға дейін, бірақ ішкі істер органы бастығының немесе оның орынбасарының шешімі бойынша 48 сағаттан асырмай ұстауға тиіс.

Ұсталған адамдар және олардың алып жүрген заттары мен көлік құралдары тексерілуі мүмкін.

Төтенше жағдай режимінің көрсетілген талаптарын бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын атап өтеміз.

Осылайша, билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату ҚК-нің 274-бабына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді (ҚК-нің 459-бабы).

Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 476-бабы), төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) тиісінше 15 және 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып табылады (ҚК-нің 54-бабы, ӘҚБтК-нің 57-бабы) және неғұрлым қатаң жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ішкі істер органдары мен уәкілетті органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға, оларға қажетті жәрдем көрсетуге шақырамыз.

Сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, арандатушылыққа берілмеуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға, ресми дереккөздерде орналастырылған елдегі ағымдағы жағдай туралы сенімді ақпаратты басшылыққа алуға шақырамыз.