Мәслихат депутаты азаматтарды қабылдады

Saryarqanews

Қарағанды облысы мәслихатының депутаты Қамбар Ахметов «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің ұйымдастыруыман азаматтарды қабылдау өткізді.

Сәуірдің 29-да партияның Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданындағы филиалында өткен қабылдауға тұрғындар келіп, түрлі мәселелерге қатысты арыз-шағымдарын айтты. Кездесуге «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шаменов қатысып, азаматтарға қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қабылдауға келген тұрғынның бірі К.Уәлиева өзі тұрған үйге қатысты тұрмыстық мәселелер бойынша шағымын білдірді. Аталған мәселе бойынша шағымданушыға өтінішін жазбаша жолдау қажеттігі түсіндірілді. Одан әрі қоғамдық қабылдау бөлімі мен депутат тарапынан мәселеге қатысты тиісті органдармен жұмыс жүргізілетін болады.

Қаланың тағы бір тұрғыны – Гүлмира Қыдырбекова жұмыссыздық мәселесі бойынша шағымдана келгенін айтты. Мәлімдеуінше, ол Қарағанды қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы мемлекеттік мекемесінің жолдамасымен Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігінде жұмыс істеген.

«Мен әкімдікте 2020 жылы жұмыс істедім. Ал 2021 жылы ол мекеме менімен келісімшарт мерзімін әрі қарай жалғастырмады. Қазір жұмыссызбын. Мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмаймын», - дейді ол. Өзінің айтуынша Г.Қыдырбекованың ұлы да жұмыссыз. Оған да жұмыспен қамту орталығы мекемелердің біріне жолдама берген екен. Алайда, ол жақтан әзірше жұмыс орны ұсынылмаған көрінеді.

Бұған қоса, шағымданушы партия тарапынан қандай да бір әлеуметтік қолдау жасалса деген өтінішін білдірді. Осыған орай депутат Қ.Ахметов «AMANAT» партиясының атынан тұрғынға бір реттік қаржылай қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, тұрғынның жазбаша өтінішін алған депутат заң аясында тиісті мекемелерге хат жолданып, қажетті іс-шаралар атқарылатынын мәлімдеді.

Ал, қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Шаменов Г.Қыдырбековаға жұмыспен қамту мәселелеріне қатысты мемлекет тарапынан қолға алынған қолжетімді қызметтер туралы жан-жақты ақпарат пен кеңес берді.

Қабылдау барысында тек арыз-шағым айтушылар ғана емес, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға алғысын білдіріп, қоғамдық іс-шараларға үлес қосуға дайын екенін білдірген азаматтар да болды.

1

Мысалы кәсіпкер Айнұр Сайынқызы өзі мүшелікке өткен «AMANAT» партиясы арқылы халықпен тығыз байланыста болып, мұқтаж жандарға аз да болса көмек көрсетсем дейді. Кәсіпкерлігімен қоса демографияға айтарлықтай үлесін қосып жүрген А.Сайынқызы - бес баланың анасы.

«Менің шағымым жоқ. Керісінше, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларға алғысымды білдіремін. Көпбалалы ана ретінде мен мемлекет тарапынан тиісті көмектін бәрін алып отырмын. Балаларым әлеуметтік көмек ретінде тегін жол жүру билеттерімен жүріп, тегін үйірмелерге барады. Жеке кәсібіміз бар. Мемлекетке қол жая бергенше, енді халыққа да өз пайдамды тигізсем деймін», дейді ол.

Қ.Ахметов кәсіпкерге азаматтық белсенділігі үшін алғысын білдіріп, халықтың игілігі үшін қызмет етуге ынталы азаматтарға «AMANAT» партиясының қашанда қолдау білдіретінін жеткізді. Партия тарапынан жүйелі түрде жасалып жатқан қайырымдылық шаралары туралы ақпарат берді.

Қоғамдық қабылдаудың қортындысы бойынша, барлық талап-тілектер тыңдалып, тиісті мекемелерге жолданатын болады. Айта кетейік, қоғамдық қабылдау жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады. Арыз-шағымы бар кез-келген қала тұрғыны депутаттарға жүгіне алады.