Нұр-Сұлтанда жасөспірім біреудің көлігін сатып жіберген

Нұр-Сұлтанда жасөспірім біреудің көлігін сатып жіберген

Нұр-Сұлтан қаласында жасөспірім бөтен біреудің жеңіл көлігін танысына сатып жіберді, деп хабарлайды елорда комендатурасының баспасөз қызметі.

Қалалық полицияға елорда тұрғыны шағымданған. Айтуынша, белгісіз біреу түнде аулада тұрған бұзылған Lada Priora көлігін ұрлап әкеткен.

"Ер адам оталдыру кілтін көлігінің ішінде ұмытып, есіктерді ұзақ уақыт ашық қалдырғаны анықталды. 17 жастағы жасөспірім де мұны пайдаланған. Бозбала өзін көлік иесі ретінде таныстырып, танысына автокөлікті аздаған сомаға сатып алуды ұсынған", - делінген хабарламада.

Сатып алушы темір тұлпарын үйіне сүйреп әкеткен.

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмаған бала ювеналды полицияның ерекше бақылауына алынды.

Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия жасөспірімді девиантты  мінез-құлықты балаларға арналған арнайы мектепке жіберуді шешті. Соңғы шешімді сот қабылдайды.